Кеңес: Балалардың сөздік қорларын дамыту жолдары

Кеңес: Балалардың сөздік қорларын

дамыту жолдары

Ақтөбе қаласы,  №38 «Әлем» МДҰ

тәрбиеші: Косаева Н.С

Балабақшадағы  тәрбиелеу-оқыту жұмысында балалардың тілін дамыту, сөздік қорларын  дамыту ауызша сөйлеуге үйрете отырып, үйренген сөздерін   күнделікті өмірде  еркін қолдану, әрі оны  күнделікті іс-әрекет  кезіндегі тілдік қарым-қатынаста қолдана білуге жаттықтыру ісіне ерекше мән  беріледі.

Мектеп жасына дейінгі кезеңдегі балалармен сөздік  жұмысын жүргізу ісі – тіл дамытудың негізгі бір міндеттері.

Балалармен  сөздік жұмысын жүргізе отырып, оларды айналасындағы заттармен  таныстырып, атын атай білуге, қасиеті  мен сапасын, түр-түсін және пішінін ажырата білуге, өмірдегі, қоршаған ортадағы түрлі құбылыстар жайындағы ұғым, түсініктерін дамыта отырып, белсенді түрде тілдік  қарым-қатынас жасай білуге үйретеміз.

Мектеп жасына дейінгі балалардың сөздік қорларын  дамыту   ісінде тәрбиешінің міндеттері:

-балалардың сөздік қорларын дамыту;

-жаңа сөздерді меңгерту;

-үйренген сөздерін тиянақтап, анықтап, әрі  байыту.

Осы аталған міндеттерді тәрбиеші үнемі  сөздік  жұмысын жүргізуде басшылыққа алып отыруы тиіс.                                                                                        Сөздік қорды дамыту жұмыстары мынадай әдіс – тәсілдер арқылы жүзеге асады. Ол – сұрақ- жауап, сөйлесу, әңгімелесу, әңгіме, түсінігін айтқызу, көрнекілік, аударма, кітап пен жұмыс, мәтінмен жұмыс әдістері .Әр сабақ сайын тақырыпқа сай көрнекі құралдар, түрлі суреттер , кестелер, видео кассеталар, тақырыптар бойынша электронды оқулықтар мен сабақты көркемдеп отырса, оқушылардың сөздік қоры біршама толығады деп сенімдімін. Заман өзгерген сайын әдіс – тәсілдер көбейіп, жаңарып, толығып отыр.
Жаңа технологияны, әдіс  — тәсілдерді тиімді қолдану білім сапасын көтерді.
Тіл үйренуде ең басты міндет – балалардың  сөйлеу тілін жетілдіру.
Сөздік қорды дамытуға бағытталған әдістердің жалпы міндеті- Сөздің мағынасын дұрыс түсініп, оны өз сөзінде дұрыс қолдану.
Түсіндіру әдіс  — жаңа сөз, сөз тіркесі, сөйлемдерді түсіндіруде қолданады. Оқу іс-әрекеті  сайын үйретілетін   жаңа сөздер бойынша, яғни сөздік жұмысында іске асады.
Көрнекілік әдіс –  топта  түрлі суреттер мен заттарды, ойыншықтарды көрсету арқылы сөздерді үйретуге болады. Көрнекілік тақырыпқа сай, көзге тартымды яғни эсттетикалық жағынан жақсы , ірі. екі немесе үш түстен болуы керек .
Мысалы :  «Ұлттық киімдер» тақырыбын өткен кезде киімдердің суретін көрсету арқылы немесе  топқа кәдімгі киімдерді көрсету арқылы жүзеге асып отырады.  Әр түрлі тірек кестелер және таблицалармен сөздерді , сөз тіркестерін үйретуге болады.                                                                                         Ы. Алтынсарин  көрнекілік  әдіс туралы былай деген: «Балаға айтып түсіргеннен гөрі , қолымен ұстап, көзімен көріп, мұрнымен иіскеп түсіндірген  сабақ  ұғымды » деген. Мысалы: Алма сөзін алманы көрсету арқылы ұғындырамыз. Бұл әдіс –  Жеміс- жидектер, Оқу құралдары, Ойыншықтар, Тағамдар ,   тақырыптарында жүзеге асады.
Келесі бір тағы әдіс: Сұрақ – жауап  әдісі.
Балардың тілін дамыту үшін манызды әдістің бірі. Қай топ болсын,  оқу іс-әрекетінің қай  кезеніңде болсын қолдануға болады . Өте белгілі  де тиімді әдіс. Жас ерекшелігіне байланысты сұрақ дайындайды. Мысалы:
Сенің тұратын қалаң қалай аталады?
Менің қалам  Ақтөбе  деп аталады.
Қаланың жанынан қандай өзен ағады?
Елек  өзені ағып өтеді.

Интерактивтік әдіс .
Интерактивтік деген сөз энциклопедияда көрсетілгендей, интеракция деген ұғымнан келіп шығады. Ал интеракция жеке индивидтердің , топтың, жұптың, өзара біріккен әрекетке бір – біріне алма – кезек әсер етуі. Бұл әдіс әсіресе , сұхбат құруда балалардың  белсенділігін арттырады . Бірігіп жұмыс істеуге үйретеді. Олардың ізденуін, шығармашылықпен әрекет етуін қамтамасыз етеді.. Интерактивті әдіспен  оқу іс-әрекетін  өткізіп кезінде  тәрбиеші  кеңесші , серіктес рөлін атқарады. Ал топ белсенді түрде әрекет ете отырып, бірін- бірі қолдау , толықтыру арқылы сұхбат құруға үйренеді. Екі баланың сұхбатына үшіншісі де араласуына болады. Ол қарсы топтың оқушысы болуы да мүмкін .
Бұл әдістің негізгі мақсаты – оқу процесінің барлық сатысында біріккен әрекетке жағдай жасау. Әр  бала  жеке тапсырмамен жұмыс істей отырып, топ мүддесін ойлауға үйренеді. Әрқайсысы өз міндетіне жауапкершілікпен қарай отырып, ортақ нәтижеге қол жеткізуге ұмтылады.                                            Тәжірибелік әдіске ойнау элементтері бойынша тіл үйрену кіреді. Дидактикалық ойындар  балалардың  білімін бекітіп, сөздік қорын молайтады, сөз, сөз тіркесі, сөйлемдерді дұрыс құрастыруға , қажетті сөздерді дұрыс тауып қоюға, кішігірім әңгіме айтуға жаттығады. Балалар ойынның тәртібін білмейтін балаға үйретеді, түсіндіреді.
Сонымен қатар бұрынғы ойнаған ойындарын естеріне түсіреді. Белгілі суретшілердің туындыларын , балаларға арналған суретті кітапшалар, меркелерге дайындық, түрлі ойын – сауықтар өткізу де балалардың тілін дамытуға септігін тигізеді.
Балалармен түрлі әдеби – музыкалық ойындар өткізу – олардың әдеби  тілде сөйлеу машығын қалыптастыру үшін қажет. Балалар  сөз , сөз тіркесі, сөйлемдерді оқығанда сөйлеу екпінің дикциясы , яғни сөзге, буынға , екпінді дұрыс түсіруге үйренеді. Рөлге бөліп ойнайтын ойын баланың ойын өз бетінше тұжырымдап айтуына көмектеседі.

Балалардың сөздік  қорын дамытуда ойын, тапсырма жаттығулардың орны ерекше. Соның ішінде  ойын – баланың шын тірлігі.  Ойын  арқылы бала айналасындағы нәрседен  өзіне қызықтысына ықыласы ауып, тандап алады. Баланың бір ерекше қасиеті  сөйлеуден еш жалықпайды.  Ойын бала тілінің дамуына ықпалын тигізіп, таным белсенділігінің дамуына жол ашады. Қай бала болмасын ойынмен өседі, өйткені бала табиғатының өзі тек ойынмен байланысты. Ойын үстінде бала еш нәрсеге тәуелсіз. Ол өзін еркін ұстайды. Ал еркіндік дегеніміз барлық  дамудың баспалдағы, бәрін білуге деген талпынысы мен құлшынысы. Баланың білуге деген құштарлығы, сөйлеуі ойын үстінде қалыптасады. Халық даналығында «Ойнай білмеген, ойлай да білмейді», «Ойында озган, өмірде де озады» деген аталы сөздер сырына жүгінсек, мектепке дейінгі жастағы баланың ойынға деген құлқы, қарым- қатынасы, мінез- құлық көріністері олар өсіп- есейгенде де жалғасы береді. Ойын барысында бала өзін қоршаған үлкендер сияқты, өзінің сүйікті әңгімелері мен
кейіпкерлері сияқты өмір сүреді, әрекет жасайды.
Ойынды қолданумен бірге ойлауға, тілді дамытуға, шығармашылық әрекетін байытуға бағыт алады. Баланың ойын кезіндегі қимыл- қозғалысы дене бітімін жетілдірсе, ал қарым- қатынастағы пайымдаулары өзіндік таным- түсінік, мінез- құлық әдептерін бекітуіне әсер етеді. Бала ойын арқылы бір әрекеттен екінші әрекетке ауыса отырып, өзіне түрлі ақпараттар алады, дүние сырын ашады.

Сөздік қорды дамыту ісін ұйымдастыру жұмысында ойын іс-әрекеті ең негізгі орын алады. Тәрбиеші бақылау, заттарды қарау, сурет қарау, жұмбақ шешу және құрастыру, саяхат, ойын-сабақтарын ұйымдастыру барысында балалардың сөздік қорларын дамытады.

Арнайы ойын әрекеті және оқу іс-әрекетінің мазмұнына қарай танымдық, дамытушы ойындарды, тапсырмаларды қолдану, балаларды  заттарды бір-бірімен салыстыруға, оларды қасиетіне қарай ажыратуға және оны танып білуге үйретеді. Сөйтіп бала топтағы жасына сәйкес бағдарламалық міндетті меңгереді. Ойын ұйымдастыруда  тәрбиеші өзі  жетекші бола отырып, балаларды  ойнай білуге, ойын ережесін сақтауға, әрі оларды ойната отырып, ойлануға бағыттайды, заттың атын немесе қасиетін есінде сақтап қалуға жол ашады, ойынға қызықтыра отырып, зейінін,  қиялын дамытады.

Сонымен қатар ойын барысында бала үлкендермен, өз құрбыларымен қарым-қатынас жасайды. Әр бала өз жетістігіне  қуанып, мәз болады. Сондықтан да ойын-тапсырмаларды тандауда және іріктеуде балалардың жас және жеке ерекшелігін ескерген жөн.

Тәрбиеші  балалармен ойынды (заттармен, үстел үсті және  сөздік ойын)  үш түрлі  етіп өткізуіне болады.

Заттармен ойналатын ойын ойыншықтарды, табиғи заттарды қолдану арқылы өтіледі. Мысалы: «Ғажайып қапшық», «Дәл осындайды тауып ал»,  «Салыстыр да, атын ата», «Қай ағаштың  жапырағы», «Бірдей ойыншықты тап», «Қайсысы көп,қайсысы аз» т.б.

Үстел үсті ойынын ұйымдастыруда домино, лото, суреттер  қолданылады.  Мысалы: «Суретті құрастыр», «Қандай затқа ұқсайды?», «Қай сурет тығылды?», «Бір  сөзбен ата», «Кім байқағыш», «Қиылған суреттер», «Ұқсасын тап», «4-ші не артық?», «Есінде  сақта».

Ал сөздік ойын арқылы сөзді орынды қолдана білуге, дұрыс жауап айтуға, сөз мағынасын түсінуге, орынды сөйлеуге үйренеді. Мысалы: «Сөз ойла», «Сөз құра», «Жұмбақ ойла», «Жақсы-жаман», «Жалғастыр», «Үш сөз ата».

Сонымен қатар  балалардың  сөздік  қорларын дамыту жұмысына ойындарды қолданумен қатар, «Пішіндер көрмесі», «Өрнекті есіңде сақта», «Қиын жолдар», «Суретті жалғастыр», «Биші адамдар», «Көңілді таяқшылар»,  тәрізді жаттығу тапсырмаларды да пайдаланып отыру өз нәтижесін берді. Бұл аталған жаттығу, тапсырмалар балалардың сөздік қорын дамыта отырып, таным белсенділіктерін  және саусақ бұлшық етін дамытады.

Жалпы ойынды ұйымдастыру:

-өткізуге  әзірлік;

-ойынды өткізу;

— ойынды талдау

сияқты  үш бағытты  қамтиды. Ойынға қажетті құралдар, заттарды даярлау кезі —  ойынды өткізуге әзірлік болып табылады.

Балаларды ойынның  мазмұнымен таныстыру кезі —  ойынды өткізу болып табылады. Ойынды талдау — бұл ойынның өз мақсатына жетуі, балалардың белсенділігі және олардың іс- әрекеті болып табылады.

Сонымен балалардың сөздік қорларын дамытуда ойындарды, тапсырма-жаттығуларды қолдану үлкен нәтиже береді. Ойын арқылы балалардың  сөздік қоры дамып, ауызша сөйлеу  машығын игереді, таным белсенділіктері қалыптаса түсіп, ақыл-ойы өсіп жетіледі, әрі адамгершілік қасиеттер бойына сіңіреді.                                                                                                                             Саусақ ойыны – бұл ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тауып келе жатқан әрі үлкен мәні бар ойын түрі. Саусақ ойыны саусақтардың көмегімен қандай да болмасын ертегіні немесе өлең-тақпақ шумағын сахналау болып табылады. Бұл ойын арқылы баланың сөйлеуге деген талпынысы, қабілеті дамып, ынтасы артады және шығармашылық әрекетіне жол ашады. Саусақ ойынын ойнай отырып, балалар қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстарды, жан-жануарларды, құстарды және ағаштарды бейнелей алады. Саусақтарының қозғалыс-қимылына қарап бала қуанады, шаттанады, сөзді айтуға тырысады және өлеңдегі үйренген сөз шумақтарын қайталап айта отырып, есінде сақтайтын болады.

Саусақ ойынын балабақшада және үй жағдайында әсерлі, көңілді түрде ұйымдастыруға болады. Алдымен балаларға саусақ ойыны түсіндіріледі, әр қимылы көрсетіледі. Мысалы: «Саусақтар  сәлемдеседі» ойынын алайық. Мұнда бас бармақ ұшы әр саусақтың ұшымен кезекпен түйседі. «Адамдар келеді». Оң қолдың сұқ саусағы мен ортаңғы саусақтарын жүгірген тәрізді етіп қимылдатады. Сонымен бірге халық арасында кеңінен тарап жүрген «Қуырмаш» ойыны да саусақтардың нәзік қимылын жетілдіруге бағытталған. Балалар осындай саусақ ойынын ойнай отырып, өлең шумағын қызыға айтады. Мысалы, «Моншақ».

Қызыл-сары көк моншақ.

Мен жасаймын көп моншақ.

Мұнда қатар екі қолдың бас бармағымен сұқ саусақтарының ұшын түйістіре отырып, моншақ тәрізді бейнелейді, әрі оларды тізбектеп жасау балалар үшін өте қызықты әрекет, әрі қол бұлшық етін дамытуға үлкен  көмегін тигізеді.

Сонымен саусақ ойындарын жүргізу арқылы бала саусақтарының нәзік қимылдары мен бұлшық етттерінің жетілуімен бірге, олардың сөйлеу тілі мен ойлау қабілеттерін дамытады. Сабақтың қызықты болып өтуіне ықпал жасайды, жалпы логопедиялық сабақтың тиімділігін біршама жоғарылатады.

Балабақшаның тәрбиешілеріне арналған бағдарламалық жоспарды басшылыққа ала отырып, балалардың бақылап көргендерін тиянақтап, естерінде берік қалдыру, сөздік қорларын дамыту үшін төмендегідей дидактикалық ойындарды  ұсынып отырмыз. «Жасырылған затты тап», «Ғажайып қапшық», «Ойыншықты тап» (оның түрін, көлемін, формасын атап айт – домалақ, көк, кішкене, т.б.), «Қолыңмен байқап көр, атын айт» (бала дорбаға салынған заттарды қолымен танып, алады), «Жаңа қуыршақты қабылдау».                    1-ойын. «Күн мен түн».

Мақсаты: сөйлеу тілін, ойлау қабілетін дамыту.

Мазмұны: педагог сөз айтады, балалар оған мағынасы қарама-қарсы сөз айтады. Күн – түн, тәтті – ащы және т.б.

2-ойын. «Қонаққа барамыз». Балалар үй иелері және қонақтар болып бөлінеді. Үй иелері қонақтарды сиқырлы сөздер айту арқылы қарсы алу қажет. Қонақтар сыпайы жауап қайтарады.

3-ойын. «Сөз құра».

Балалар педагог айтылған буындарға  сөз құрайды. Буындар түрлі-түсті әдемі болуы мүмкін. Мысалы: гүл шоғырына жиналатын шар немесе гүлдер түрінде.

4-ойын. «Екі шеңбер».

Балалар екі шеңберге тұрады. Сыртқы (үлкен) және ішкі (3-4 адамнан). Үлкен шеңбердегі балалар тұрады, ал ішкісіндегілер көшбасшы  педпгоги

пен бірге жүріп, былай дейді: «Біз шеңбер бойымен жүреміз, өзімізбен бірге аламыз – тәтті…». Үлкен шеңбердегі балалар тез арада қандай да бір тәтті затты ойлау қажет. Мысалы, қант. Қай бала бірінші атаса, ішкі шеңберге кіреді. Ойын жалғасын табу үшін жұмсақ, сұйық, ащы, қатты сынды сөздерді де пайдалануға болады. Үлкен шеңберде қалып қойған соңғы бала кез-келген тапсырма орындайды (жаза ретінде).

5- ойын.  «Мен қандай әріппен дос».

Бұл ойын әріптерді есте сақтап, сөйлеу тілін дамытуға ғана емес, сонымен бірге танымдық сипатқа да ие. Әрбір ойыншыда жануардың суреті болу керек (әр түрлі болуы да мүмкін). Мысалы: анасында сиыр, әкесінде  түйе, баласында кірпі. Анасы айтады: — Менің сиырым «м» әрпімен дос, өйткені онда мүйізі бар. Әкесі: — Менің түйем «ө» әрпімен дос, өйткені онда өркеш бар. Бала: — Менің кірпім «и» әрпімен дос, өйткені онда инелері бар.

Қорытындылай келе, мектепке дейінгі балаға берген білімнің нәтижесінде олардың болашақта сөздік қорының мол әрі сауатты азамат болуларының негізі осында қаланатынын біз әрдайым ұмытпауымыз қажет