Әке — шаңырақтың негізгі тірегі

Күні 19.01.2018ж

Тақырыбы: Әке — шаңырақтың негізгі тірегі
Мақсаты: Жанұядағы әке мен бала арасындағы қарым — қатынасты нығайту, ұлттық салт — дәстүрімізге байланысты әке орнының ерекше екендігін ұғындыру, әкеге деген бала махаббатын ояту.
Барысы:
Құрметті әкелер, сіздерге арналған «Әке — шаңырақтың негізгі тірегі» атты ашық тәрбие сағатымызды ашық деп жариялаймыз.
Әр шаңырақта әкенің орны ерекше. Әке – отбасының асыраушысы, отбасы мүшелерінің тірегі, қамқоршысы. Әкенің мінез — құлқы, өзгелермен қарым — қатынасы, өнері мен білімі баланың көз алдындағы үлгі, өнеге алатын оған қарап өсетін нысанасы. «Әке – асқар тау, ана – қайнар бұлақ, бала жағасындағы құрақ» дегендей «Әке» деген сөз қандай жақын, қандай ыстық десеңші! Өмірде әкесін жақсы көрмейтін бала жоқ шығар, өйткені бала үшін әкенің орны бөлек.
«Әке — бәйтерек» дейміз. Олай болатын болса, құрметті әкелер, мына бәйтерек ағашынан өздеріңізге ұнаған түсті / қарды/ таңдауларыңыз сұралады.
Әке! Әке – әркімнің сүйенер тіреуі. Әке әркімге қымбат. Әкені ардақтай білу керек. Өйткені ол отбасының ең басты мүшесі, яғни отағасы. «Әкеге қарап ұл өсер» дегендей әкенің балаға үйретері көп.
1 — оқушы: Нағыз әке ақылгөй де асқар жан
Барлық ұрпақ әкелерден басталған
Ал, әкелер өздеріңе арналған
Бүгінгі той, қуаныш пен мереке
2 — оқушы: Жүздеріңнен көрем шаттық арайын,
Болсын солай әрбір күнің, әр айың.
Тойларыңыз құтты болсын, әкелер,
Балаларың төге берсін мерейін
3 — оқушы: Сізсіз әке — ең ақылды, ең шыншыл
Сізсіз әке — ең жақыным, ең сыршыл.
Шуақ шашқан қашанда асыл жүрегің
Жанымдасың, қамқорымсың білемін
Қабыл алғын бала жүрек тілегін
4 — оқушы: Қамқорсың әке өмірде,
Қуатым сенсің көңілге
Әлпештеп мені өсірдің
Ұшармын ертең көгіңде.
5 — оқушы: Өмірдің көрген талай жол торабын
Әкеден кім аяйды қолда барын
Әкенің ақ тілегін өтеу парыз
Мен бүгін әкемді айтып толғанамын.
Ән: «Анашым — әкем»

Мұғалім: «Әке көрген оқ жонар» бұл да әкеге байланысты ардақты айтылған сөз. Мен әкенің бойынан күш — жігерді, батырлықты, қайсарлықты, білімділікті, барлық қасиеттерді көруге болады деп ойлаймын. Қарп отырсақ әкенің түр — түрі болады. Бірі ақылды, білімді болса, бірі жігерлі, қайратты, енді бірі батыр да, батыл қайсар болып келеді. Ал енді бірінің бойынан осы айтылғандардың бәрін көруге болады.
Әкелерге сөз беру.
1/ Таныстыру. Кімнің әкесісіз? 1 — топ Атамекен әнін орындайды.
2 — топ Арыс жағасында әнін орындайды.
2/ Сұрақ — жауап. «Балаңыздың туған күні, айы, жылы»
3/ Үй тапсырмасы. Қолөнер, сәндік бұйым. Үйден жасап келген заттарын таныстырып тапсыру.
4/Ойын. «Әскердегі қызықты сәттер…»
5/ Балаңызға қандай мақал — мәтел айтар едіңіз? Гүлге /парақшаға/ жазып береді. Сол гүлді баласына ұсынады. Баласы гүлді алып, бәйтерек ағашына іледі.
Көрермендер қошеметі.
Шаттық шеңбері: «Бір құрмет»
Әке қатал болса да,
Сыйлау оны – бір құрмет.
Әке қандай болса да,
Қорқу одан – бір құрмет.
Әкенің бір сөзіне
Ешқандай тыйым жетпейді.
Әке қатты сөз айтса,
Есіңнен еш кетпейді.
Әкесін сыйлай білгендер
Көгереді, көктейді.

Мұғалім: Құрметті оқушылар! Біздің символы мына бәйтерек ағашы болсын. Ағаш басындағы қарларды әкелеріміз жібітті. Бәйтерегіміз гүлдеп, көктеді. «Әке — асқар тау, ана — бауырындағы бұлақ, бала — жағасындағы құрақ» дегендей барлықтарыңыз аман болыңыздар. Әкелеріміздің жазып берген мақал — мәтелдерін ойымызға түйіп, өнегелі, тәртіпті, әдепті, білімді оқушылар болып өсейік.