Туған жер-тұнған шежіре

 

Менің туып өскен өлкем  Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы,Қаратал ауылы.1992 жылы мектеп табалдырығын аттап 2003 жылы Қаратал орта мектебін бітіріп,осы жылы Алматы қаласындағы Қазақ Мемлекеттік  Қыздар Педагогика инстутының педагогика психология факультетінің мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту ісінің әдістемесі мамандығына грантқа оқуға түсіп, 2007 жылы оқуымды бітіріп шықтым.2007 жылдан 2010 жылға дейін кітап дүкенінде консультант болып жұмыс істедім.2010 жылы қыркүйек айында Қалқаман ықшам ауданындағы №157 жалпы білім беретін мектептің даярлық сыныбына мұғалім болып жұмысқа орналастым.2012 жылы Қазақ Мемлекеттік Қыздар Педагогика Университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына оқуға түсіп 2014 жылы бітіріп шықтым.2015 жылы Алматы облысы Қапшағай қаласына көшіп келдім.Осы жылы күзде Қапшағай қаласындағы №5 орта мектебіне қазақ тілі мен әдебиет пәнінен орыс сыныптарына мұғалім болып жұмысқа орналастым.Бүгінгі күнге дейін осы мектепте қызмет атқарып келемін.Жетістіктерім де аз емес.

Өз туған жеріме келетін болсам «Туған жердің түтіні ыстық» дегендей ауылымды сағынамын.2005 жылдан 2015 жылға дейін   Алматы қаласында тұрдым.2015 жылы шілде айында отбасы жағдайына байланысты Қапшағай қаласына көшіп бардым. Қапшағай қаласы 1970 жылы құрылған.  Қала туралы деректерге сүйенсек,1853 жылы топограф Сонин өзен арқылы өткел ретінде және әскери бекініс құрылысын салуда осы жерді таңдапты. Күзет және қызмет көрсету мақсатында гарнизон құрылса, кейіннен кентке айналған.Қапшағай шатқалында су электр стансасын салу идеясы сонау 1942 жылы басталса, 60-жылдардың басында «Гидропроект» бүкілодақтық жобалау-іздеу және ғылыми-зерттеу институтының қазақ филиалында Қапшағай ГЭС-інің жобалау жұмыстары толық аяқталған.

Туған жерім Зайсан ауданы Қаратал ауылы туралы айта кетсем «Зайсан» деген жер ежелден дүние жүзі ғалымдарының,елбасыларының назарын аударған екен.1860 жылдарда Зайсан қаласының іргесі қаланды.Содан бері,ел мемлекеттің аса маңызды тарихи орны болып саналады.Бұл өңірде қазақтың найман,керей,уақ руларынан тараған тұзақшы,ақболат,қожан,санияз ата-баба ұрпақтары өмір сүрген.Менің елім тұзақшы ұрпағынан тараған екен.

Аудан-ауыл шаруашылығы бағытында жұмыс істейді.Мал,егін шаруашылығымен қоса,ірі бау-бақша мен жеміс –жидек дақылдарымен өркендеп,мол табыстарға ие болған өлке.

Табиғаты қысы суық,жазы ыстық.Зайсан ауданында негізінен қазақ,орыс,татар ұлт өкілдері тұрады.Жергілікті халыққа бай аумақты  аймақтар:Қаратал,Сарытерек,Дайыр,Қарабұлақ ауылдары.Жалпы,аудан өміріндегі ең ауыр және жауапты болған кезең-Ұлы Отан соғысы жылдары болды.

Зайсан қазақ тарихында айшықты іздері жасалған қойнауы құт, жері бай киелі өңір. Ол облыстың оңтүстік шығысында, Сауыр, Тарбағатай тауларының оңтүстік сілемдерімен, Зайсан қазан шұңқырының оңтүстік жағымен Қара Ертіс өзенінің солтүстігіне созылған алқапқа орналасқан. Батыста Тарбағатай, солтүстікте Күршім аудандарымен, шығыс пен оңтүстік Қытай елімен шектеседі.

Бұл өңірде мәңгі мұз басқан тау да, Альпі биіктігі де, ну орман да, айдын шалқар көл, сарқырай аққан өзендер де, өркеш-өркеш бұйра құмда, гүл, жеміс-жидекке оранған сай-салалар да бар. Зайсан аумағынан Қазақстан жер бедерінің барлық түрін көресіз. Мұндай сан-қилы ланшафт, жануарлар, құстар, өсімдіктер әлемі ұштасқан жер сирек.

Кемеңгер ақын, ойшыл, сазгер Абаймен дос болған, патша өкіметінің озбырлығына қарсы күрескен үшін Семейге жер аударылған Е.П.Михаэлис 1879 жылы Зайсанда болып, Сауыр, Сайхан, Тарбағатай тауларын, Терісайрық өзенінен бастап, Кендірлік өзеніне дейінгі ұлан байтақ жерді аралаған екен.

Жерімізде құрылысқа аса қажет бағалы тастар, цементке бергісіз топырақ, қиыршық құм, сондай-ақ қамыс, ағаш материалдары жетерлік.

Осындай тұнып тұрған бай өңір, тылсым тарих, тамаша табиғат әлем ғалымдарының, жаһангез зерттеушілердің назарында болғаны өзінен-өзі белгілі. Зайсан жері, елі ежелден тарихшы, саясатшы, географ, этнограф, ботаник ғалымдардың, тау-кен инженерлерінің қаламына ілігіп, дүние жүзінің бірқатар кітапхана, мұражайларында қат-қат болып сақталуда.Зайсан өңірі туралы деректер Моңғолдың құпия шежіресінде, Қытай тарихшыларының жазбаларында баршылық. Біздің өңір Жоңғар шапқыншылығының қанды шайқастарын бастан кешірген. Жерімізде ізі, белгісі жосылып жатыр. Сол сан ғасырлық шайқас, жорықта Зайсан жерін қорғауға қатыспаған қазақ хандары, билері, батырлары кемде кем. Жаугершілік заманда олармен тізерлесе шайқасқан ерен ерлік көрсеткен керей Жәнібек, Баймұрат, Дәулетбай, Сәтбай, Жәнделі тағы басқа батырлар Зайсан, Күршім, Тарбағатай, Марқа өңірлерінің өз тумалары, ардақ тұтар бабаларымыз.  .

Мұндай бесаспап, қайталанбас тұлғалар аз. Туған елі, жері үшін бар өмірін ат үстінде өткізіп, тыным таппаған, бүкіл Азияның ұңғыл-шұңғылын білген Мырзаш сынды есіл ердің есімі ұмытылмақ емес.

Ауданымыздың бүкіл елге танымал азаматтардың шығуы Зайсандықтар үшін зор абырой. Ауданымыздан шыққан генералдар Болат Закиев, Тұрсын Уажанов, Нұрғали Асылов, Нұрлан Орманбетов, Қайрат Садықов, қазақтың тұңғыш әскери ұшқышы Жақыпбек Малдыбаев, Есет Әукебаев бастаған 15 Қазақстан Жазушылар Одағының мүшелері, Қазақстанның халық әртісі Күләш Сәкиева, Марат Бітімбаев, Тілеуберді Сайдуллин бастаған 7 академик, Дүние жүзіне әйгілі болған спортшыларымыз Нұрлан Қасымжанов, Гүлжан Исанова, Гүлнар, Эльвира Сахатовтар, Социалистік Еңбек Ерлері Оспан Байсейітов, Шаймардан Мұқанов, Нұрмұханбет Есенбаев, Зада Сепсекенов, Тұрабай Тұраровтарды мақтан етеміз.

Зайсан ауданын басқаруға жіберілген Жұмаділ Құдайбергенов, Ислам Юсупов, Құлшәріп Әбуғалиев, Асылбек Сабеков, Кенжебек Укин, Бошай Кітапбаев, Петр Иванович Кузнецов, Шәмке Мұқатаева, Дмитрий Прокофьевич Голоушкин, Ақаш Ибежанов, Владимир Федотович Пархоменко, Нәбиолда Әлімханов тағы басқалар өркендеуімізге көп еңбек сіңірді. Ауданның дамуына Зайсанның өз тумалары да жанды басшылық жасап, аудандық атқару комитетінің, аудандық партия комитетінің жұмысын жоғары деңгейде жүргізе білді. Яғали Жайкенов, Зәйділбек Құнияров, Ақбай Жексенбаев, Мұрат Дәуленов, Сейтқазы Закиев, Шәкира Анаева, Әскербек Белгінов, Кеңесхан Ыдырышев, Мұрат Есжанов тағы басқалардың есімдерін құрметпен атаған абзал.

Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда ауданда қыруар жұмыстар тындырылды. Бұл істе аудан әкімі қызметін атқарған Мұрат Есжанов, Тияс Түсіпов, Қабылбек Қасейінов, Әнуарбек Мұхтарханов, Бауыржан Жанақов, Рымхан Мусин, Серік Зайнулдин, Алмас Оңдақанов біліктілік, зор ұйымдастырушылық қабілет танытып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқандар.