Қасиетті, киелі мүшел жас

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің  мұғалімі Жармедетова Ж.Қ

Тақырыбы:»Қасиетті,киелі мүшел жас»

Мақсаты:Мүшел жас туралы қызықты пікірлер мен болжамдарды таныстыру,мүшелде қандай сыр бар екенін ұғындыру,халықтың салт-дәстүрін қастерлеуге,үлкенді сыйлауға,адамгершілікке тәрбиелеу.

Көрнекілігі:Тақырыпқа сай слайдтар,әр мүшел жасқа лайықты сурет-плакаттар, интерактивті тақта.

Мысалы:1 жас-балапан,13 жас-гүл,25 жас-аққу,37 жас-қыран,49 жас-жеміс ағашы,61 жас-тау, 73 жас-кәрі емен.

Ұйымдастыру кезеңі:

Мұғалім:Құрметті ұстаздар,ата-аналар,оқушылар!Сіздерді Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап,әрбір жанұяға бақыт,жақсылық тілеймін.Барыс жылы құт,береке әкелсін!

Биылғы өтіп бара жатқан жыл осы сынып оқушылары үшін 13 мүшел болып саналады.Енді сол «Мүшел деген не,ол жайлы не білеміз,сыры не?»деген сауалдарға  жауап береміз.

1-жүргізуші:

Армысыздар,алдымдағы асыл халқым,

Түсінген әр кез айтқан сөздің  парқын.

Осындай мерекеде қуанып бір,

Болсыншы ел жұртымның көңілі жарқын!

2-жүргізуші:

Жасымызға жас қостық,

Жақсы күнде бас қостық.

Арманы бір құрдастар,

Ағайын боп достар.

Еркін күліп ойнаймыз,

Ертеңді де ойлаймыз.

Туыстықты қастерлеп,

Туған күнді тойлаймыз.

1-жүргізуші:

Әр адамның болады жеке  тойы,

Шілдехана,тілашар,сүндет тойы,

Әр адамның болады жеке тойы,

Мүшел тойы немесе неке тойы

Мүшел жас туралы оқушылар ой толғайды.

2-жүргізуші:Адамның өмірінде әрқилы жағдайлар болады.Ол-үйлену,балалы болу,отбасының қуанышы және мүшел тойлары.Мұсылман халқы тойдан қашпаған халық.Дегенмен шілдехана мен мүшел жас тойлары-ол адам баласының ең басты тойлары.Әр адам баласы мүшел жастан өткен сайын садақа беріп,жеті нан үлестіріп келеді.

1-оқушы: Мүшел жылдар әрдайым 22 наурызда басталады,келесі жылдың наурызында аяқталып отырады.Бірақ қазақ халқы адамның өміріне байланысты бірінші мүшел ананың құрсағындағы мерзімді есептеп 13 деп  алған да,қалған өміріне 12 жылды қосып,25,37,49,61,73,85,97,т.б жастарды адамның өміріндегі маңызды жылдар деп есептеген.

2-оқушы:

Адам баласының туғаннан бастап,өсіп-жетілу кезеңде қатерлі жылдар болатындығын айтып келеді.Оны мүшел жас деп атайды.Алғашқы мүшел

13 жас бұл адамның балалық шақтан ересектік шаққа дейінгі кезеңі.Осы кезде ер балалардың дауыстары өзгеріп,қыз балалардың дене бітімі сүйкімді бола бастайды.

3-оқушы:

Он үш жас кейбір нәзік балалар үшін қауіпті.Өткені баланың бойындағы өзгеріс кезеңі жайымен өтсе қауіп жоқ,ол күрт өзгерсе кейбір балалар жүрек,жүйке ауруларына ұшырауы мүмкін деседі.Осындай мүшел есік қаққанда «О,құдірет, мені осы мүшелден қаперсіз өткізе гөр» деп Аллаға жалбарынатын.

4-оқушы:

Жиырма бес жас-жігіттіктің алғашқы сатысы.Ол кезде ер жігіт бусанып,дене құрылысы өсіп,жетіліп,күші тасып тұратын кез.Бұл мүшелде де садақа беріп,келесі мүшелге дейін аман-есен болайын деп ниет етеді.

5-оқушы:

Отыз жеті жас-адам өміріндегі ең басты мүшел.Бұл мүшелде адам жігіттіктен мосқалдау кезеңге өтіп,ақыл тоқтатып,дүниеге қызыға да,қызғана да қарайтын кез.

6-оқушы:

Қырық тоғыз жас-бұл адамның даналыққа аяқ басатын кезеңі.Бұл мүшелде кейбіреуі немере сүйсе де,кәрілікке мойын бұрмай, «айхай,жас кезім»де дөңбекшіп барып ұйықтайтын кезі.

7-оқушы:

Алпыс бір жас-қарттыққа аяқ басып,пайғамбар жасына жететін уақыт.Өзінен кейінгілерге ақыл айтып,тұрса отыруы мұң,жатса ұйқы жоқ,кәрілік келмесе екен деп көкірегі қарс айырыла күрсінетін кезі.

8-оқушы:

Жетпіс үш жас-бұл мүшелде адамның басы қатып,өзінен кейінгілермен бала құсап ұрысып,жеген тамағын жеген жоқпын деп,өкпелегіш болатын кез.Сол үшін де ел арасында «Күлсең кәріге күл»деп,бұл жасқа жеткендер де бар,жетпегендер де бар деп айтады.

1-жүргізуші:

Тобымыздың бишілерін шақырайық,

Қошеметпен,құрметпен қарсы алайық.

Бишілерге ырғалтып,би билетіп,

Қол соғып биік шыңға самғатайық!

 

2- жүргізуші:

Жақсылардың үлгісі,

Жанып тұрған шамдай,

Шешендердің өнеге сөздері,

Ағып тұрған балдай.

«Жетес бидің тоқтамы»атты сахналық көріністі тамашалаңыздар.

1-жүргізуші:

Келесі кезекте Бұқар жыраудың толғауын тыңдаңыздар.

2-жүргізуші:

Ең ғажап күн-адамның туған күні,

Ата-ананың салтанат құрған күні.

Бірімізді-біріміз құттықтайық,

Құтты болсын әркімнің туған күні!

Салт-дәстүрін халықтың  қызықтайтын,

Мүшел жас иелеріне сөз беруді ұмытпайық.

1-жүргізуші:

Он үш жасқа толғанда,

Бірінші мүшел болғанда.

Жастыққа жарқын сезім  көп

Жас адам «білем өзім!»-деп,

Шыңына жетер бала шақ,

Шыңдайды жасты болашақ.

Құрбымыз Саруар Гүлім Мәделі Жүсіпқожаұлының «Балалық шақ» жырын оқиды.

2-жүргізуші:

Жиырма бес жаста беріле,

Қызмет қылса еліне,

Азамат жігіт сұлтаны,

Аруы-анық нұр таңы,

Аузына  елдің ілінер.

25 жастағы,яғни, екінші мүшел иесіне сөз береміз.

1-жүргізуші:

Азамат биікке жетіле,

Толғанда отыз жетіге,

Орындай алса мақсатын,

Шығарар еңбек жақсы атын.

Жақсылық етсе әрдайым,

Жарылқар оны құдайым,-дегендей үшінші мүшел иесіне сөз беріледі.

2-жүргізуші:

Қырық тоғыз жасында,

Қыруар ісі басында,

Несібе не көп,не аз болып,

Немере сүйсе мәз болып,

Ханымдар мен мырзалар,

Қадірін білсең ырғалар.

Төртінші мүшел иесі сөз кезегін алады.

1-жүргізуші:

Алпыс бір мүшел – қария,

Ақылын айтса дария.

Адамдық толық қасиет,

Айтады жұртқа өсиет.

Бесінші мүшел иесі сөйлейді.

2-жүргізуші:

Жетпіс үш қарттық басталар,

Денсаулық кетсе де ас қалар,

Кіріптар болып көмекке,

Қарт айтар көп өкпе

Көп болсын қартқа сыйласым,

Көмегін жастар тыймасын!

Алтыншы мүшел иесі ақсақал көпшілікке батасын береді.

2-жүргізуші:

Енді ортаны баршамызға ашайық,

Көрерменге жырдан шашу шашайық.

Ән мен күйді,жыр мен биді шалқытып,

Өнерлермен інжу-маржан шашайық.

1-жүргізуші:

Аталар сөзімен өсіп-өнген,

Бабалар бұлағынан нәр алған

Даналар өсиетінен тәрбие алған,

Ұлылар тәрбиесіне тағзым еткен,

Дана халықтың ұрпағымыз біз!

2-жүргізуші:

Болсын елім тыныштықтың тұрағы,

Жас ұландар болсын мәңгі қырағы.

Сендерсіңдер жаңа ғасыр жастары,

Болашақтың мәңғі өмір шырағы!

1-жүргізуші:

Ерке өсіп,ен жайлаған ұл мен қыз,

Асыға сәлем жолдап,жүректен біз.

Тәтті күй,асқақ ән мен әсем биді,

Сіздерге тарту етіп келіп тұрмыз.

Он үш жас иелері орындайтын «Құрдастар»әнін қабыл алыңыздар.

Қорытынды сөз:

Қасиет  еткен халқымыз.

Жаңғырар дәстүр,салтымыз,

Сән,салтымен ел көрікті

Дәстүрді сыйлайық баршамыз!

Қазақ халқының«жас санау»,мүшел тойын жасау-ежелден дәстүрге айналған мерекесі жалғасын таба берсін!