Біз ананың гүліміз

Тақырыбы:             « Біз ананың гүліміз! »

Мақсаты: Балаларды 8- наурыз Халықаралық мейрамы екенін ұғындыра отырып,аналарды ренжітпеуге,қол қанат болуға,әрқашан құрметтей білуге тәрбиелеу.

Көрнекілігі:  Гүлдер,шарлар .

Өткізілетін орын: Топта.

Өтілу барысы: Әуенмен балалардың қолдарында гүлдері бар топқа кіреді.Құмараға гүлдерді салады.Жартылай шеңбер құрып тұрады.

Тәрбиеші: Аналарды сүйеміз!

Сөзін ойға түйеміз.

Әрқашан біз ардақтап,

Әжеге бас иеміз!

Сенен өскен  балалар-

Батырлар мен даналар.

Құттықтаймыз мейраммен

Кұрметті апа, аналар!

Тәрбиеші:Қымбатты да ардақты, аяулы аналар мен құрметті көктемдегі      құлпыраған қыздар!

Гүл көктем, ару көктем, күн көктем!

Сіздерді көктемнің алғашқы айында еліміздің барлық жерінде тойланатын  8-наурыз әжелер, аналар, қыздар мейрамымен шын жүректен құттықтаймыз!

Сіздерге әлемнің нұрын,өмірдің гүлін,көктемнің шуағын тілейміз!Мына жарық дүниенің мәні де,сәні де сіздерсіздер! Балалардың сіздерге арналған «Біз ананың гүліміз!» атты ертеңгілімізді қабыл алыңыздар.

 

 

Балалар қонақтармен амандасады.

Алақанды ашайық,

Күн шуағын жасайық.

Жүректегі жылуды,

Қонақтарға шашайық. (іс-қимылмен жасайды)

 

Сұрақ-жауап:

Тәрбиеші: Балалар бүгін  қандай мейрам?

Балалар: Аналар мерекесі.

Тәрбиеші: Аналарымызға арналған тақпақтарға кезек берейік.

Үн қатасың бал тілмен,

Еркелеймін әр күн мен.

Құттықтаймын анашым,

Сегізінші наурызбен.                 (Айсұлтан)

 

Анам –қамқор үнемі,

Мені бағып қағатын.

Дүрсілдейді жүрегі,

Тек,балам деп соғатын.             (Алдияр)

 

Өмірдің қызығы,

Өзіңсіз өтпейді.

Мен үшін апама,

Ешкімде жетпейді.                      (Арай)

 

Апам мені  «айым»дейді,

Мен мұнайсам уайым жейді.

Апам мені  «күнім»дейді,

Мен қуансам,күлімдейді.            (Інжу)

 

 

Көгінде күн болып,

Жұлдыздай жанасың.

Аман бол әрдайым,

Аяулы анашым.                        (Нурсұлтан)

Айналайын анашым,

Әлпештеген баласын.

Өнегеңді аламын,

Таудай жігіт боламын.             (Нуралы )

 

Менің әжем, ақ әжем,

Отбасында бақ әжем.

Таласамыз бәріміз,

Ол жемісті сары күз.                (Нұрдәулет)

 

Мені жақсы көреді,

Күндей күліп келеді.

Көп ертегі біледі,

Маған айтып береді.                (Мирас)

 

Тәрбиеші: Қандай бала болмайық,
Анамызға балдаймыз,
Көтерейікші көңілін
Ән салайық бәріміз.

Хор: «Құттықтаймын ана, туған күніңмен!»

 

Тәрбиеші: Сахналық көрніс: «Шалқан» орыс ертегісі.
Мақсаты:
а) Ертегі мазмұнын түсіндіру.

ә)Ертегі мазмұнын айтқызу арқылы сөздік қорын молайтып, тілін дамыту.

б)Ертегідегі кейіпкерлердің іс-әрекеті арқылы балаларды бірлікке, мейірімділікке, достыққа тәрбиелеу.

Тәрбиеші: Ата-аналармен ойын.

Ойын:  «Аялы алақан»

Шарты: екі,үш бала ортаға шығады.Бір ата-ананы шақырып, көзін байлап,

балалардың қолдарын ұстау арқылы өз баласын табу.

Тәрбиеші:

Ананың –біз гүліміз,

Ана-біздің күніміз.

Тек сіздерге арналады,

Міне,біздің сыйлықтарымыз.

(балалар бірге Құттықтаймыз деп айтады)

(балаларымыздың  қолмен  жасаған сыйлықтарын қабыл алыңыздар) .

Тәрбиеші: Шалқып тасып әніміз,

Жадырасын жанымыз.

Аналарды құттықтап,

Би билейміз бәріміз.

Мерекелік шашуымызды қабыл алыңыздар .

Би: «Гүлдер»       (Айсұлтан, Інжу, Нурдәулет, Арайлым)

Би:  «Жігіттер»  (барлық ұлбалалар)

 

 

 

Тәрбиеші: Аналардың мейірімі ерекше,

                    Талпындырған асулармен белеске.

Аямаған шуағы мен жан нұрын,

Берші анама бар жақсылық, тәңірім!-деп тілей отырып,

сіздерге арналған ертеңгілігімізді аяқтауға рұқсат етіңіздер.