БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ӨЛЕҢДЕР МЕН ТАҚПАҚТАР

БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ӨЛЕҢДЕР МЕН ТАҚПАҚТАР

Шымшық

Сөзі Қ.Мырзалиевтікі

Әні Қ.Қуатбаевтікі

Шымшықтың өр тырнағы,

Құдды шабақ қармақтай.

Бар тұлғасы, болғаны,

Бармақтай-ау, бармақтай!

Сонда да ол, асылы,

Мешкейлікке меңзейді,

Күнде жеке басының,

Салмағындай жем жейді!

Күнде жеке басының

Салмағындай жем жейді!

 

Ерден Атайдың әні

Сөзі: Ә.Асылбековтікі

Әні: Е.Хасанғалиевтікі

Кел,балалар,тұрмаңдар

Бізде қызық думан бар.

Атамыздың алуан

Ертегісін тыңдаңдар

Қайырмасы:

Ерте,ерте,ерте,екен,

Ешкі-ай жүні бөрте екен.

Ертегі сөз қашанда

Тамашаның көркі екен

Түрлі-түрлі ертегі,

Тұла бойды ертеді.

Ерте өткен ерлердің,

Ерлік ісін шертеді.

Қайырмасы:

Қиялдаймыз,самғаймыз,

Кең әлемді шарлаймыз.

Ертегісін атайдың

Тыңдаудан біз талмаймыз

Қайырмасы:

 

 

 

Ойлан, тап

Сөзі: Қ.Ыдырысовтікі

Әні: Ә.Еспаевтікі

Кел балалар,ойнайық,

Ойнайық та ойлайық,

Қандай жұмбақ болса да

Шешпей оны қоймайық.

Қайырмасы:

Ал балалар тыңдаңдар,

Асығыстық қылмаңдар.

Асықпайық деп және

Бөгеліп те тұрмаңдар.

Бәрің жақсы тыңдаңдар,

Бөгеліп көп тұрмаңдар.

Жұмбақ та бар аспан көк,

Самолетпен зырлаңдар.

Қайырмасы:

Жұмбақтар бар өзен,көл,

Пароходпен жүзіңдер,

Айдын суға шомылып,

Ақ шабағын сүзіңдер

 

БАЛА УАТУ

Сөзі И.Оразбековтікі

Әні халықтікі

Әлди, әлди, балам-ай,

Әлди әнге салам-ай.

Әлди әнге мен салсам,

Балам ұйықтап қала ма-ай.

Әлди,әлде, бөпешім,

Жылай беріп не етесің.

Қазтұрасың ертең-ақ,

Тәй-тәй басып кетесің.

.Балбөбегім базарым,

Пәс түспесін назарың.

Сенің күлкің ашады

Дүниенің ажарын

 

 

 

ТҰСАУКЕСЕР

Сөзі мен әні К.Палымбетованікі

Бал бөбегім, сен өлеңім,

Аймаласам нұр өбемін.

Жұпар сенің, құмар еттің,

Кеудеме гүл, шынар ектің.

Иіп те мен, сүйіп келем,

Құшқан сайын биіктегем.

Немереммен керегем кең,

Ең қызыққа бөленем мен.

Жібек естім, теңге тестім,

Жүйрік бол деп тұсау кестім.

Бастың қадам,бол жақсы адам,

Ел-жұртыңа болсын бағаң.

 

АЯУЛЫ ӘНІМ — МЕКТЕБІМ

Сөзі Ә. Аймақтікі

Әні С. Сапарәлиевтікі

Мейірімді шапағатын тербеткен,

Арманға асқар құлашымды серметкен.

Мен бақытты балдырғаның саяңда,

Біліміңнің бал-бұлағы шөлдеткен.

Қайырмасы:

Аяулы әнім — мектебім,

Шуағыңда көктедім.

Жүрсем-дағы қай жерде

Кцялымнан кетпедің.

Сағыныштың сезімдерін шайқап ән,

Ораламыз жылда өзіңе қайтадан.

Әліппені жаттатқызған,ұстазым,

Сенің ізгі көңіліңнен жай табам.

Қайырмасы:

Тіршіліктің дүрсілдетіп жүрегін,

Мен өзіңнен қанаттанар түлегің.

Саған деген махаббатым – әнімді

Асқақтата шырқай салып жүремін.

Кайырмасы:

 

 

 

МЕКТЕБІМ

Сөзі Қ. Мыңжановтікі

Әні М.Омаровтікі

Ашық-жарқын жүзді,

Ұстазың көп ізгі.

Мейірімін төккен

Аялап мың бізді.

Қай ырмасы:

Әріптерді танып,

Білімге еркін қанып,

Қардіріңді ұқтық,

Жанға ләззат алып.

Сен болмасаң мектеп,

Мақсатқа кім жетпек.

Құшағыңда өстік,

Қызғалдақтай көктеп.

Әлем сырын ашқан,

Шежірең жыр-дастан.

Шәкіртіңбіз балғын,

Бауырыңа басқан.

Қайырмасы:

Мамандықты таңдап,

Ұштық алыс самғап.

Жатыр басқа ұрпақ,

Думаныңды жалғап

Қайырмасы:

 

КЕШ ЖАРЫҚ

Сөзі Ә. Асылбековтікі

Әні А. Қоразбаевтікі

Кел балақай, кеш жарық!

Келіп жүрме кеш қалып.

«Кеш жарықтан» бастайық,

Көп қызықты еске алып.

Қайырмасы:

Көңілдерге қонып нұр,

Кешкі мезгіл болып тұр.

Кеңейеді ой-сана,

«Кеш жарықты» көріп тұр.

Кеш жарықты көресің,

Қуанышқа енесің.

Жамандықтан жиреніп,

Жақсылыққа ересің.

Қайырмасы:

Құлақ түре қалдың ба?

Қызығына қандың ба?

Мультфильмдер мың түрлі,

Ертегілер — алдыңда.

 

МЕНІҢ ШӨЖЕЛЕРІМ

Сөзі Н.Мүталлибовтікі

Әні Г.Гусейнлидікі

Аударма М.Әлімбаевтікі

Шеп, шеп, шеп, шөжелерім,

Шеп, шеп, шеп, шеп, шөжелерім!

Мамық жүнді шөжелерім,

Нәзік үнді шөжелерім.

Кек шалғында жайылыңдар,

Тез,келіңдер,жайылым бар.

Әй, менің шөжелерім,

Әй, менің шөжелерім,

Балғын бөбек, шөжелерім.

Шеп, шеп, шеп, шөжелерім,

Шеп, шеп, шеп, шеп шөжелерім!

Мамық жүнді шөжелерім!

Нәзік үнді шөжелерім.

Не жейсіндер,мен берейін.

Су берейін, жем берейін.

Әй, менің шөжелерім,

Әй, менің шөжелерім,

Балғын бөбек шөжелерім, шеп. 3 рет.

Тез-ақ өсіп толарсыңдар,

Ақтауықтай боларсыңдар.

Әй, менің шөжелерім,

Әй, менің шөжелерім,

Балғын бөбек шөжелерім. 3 рет

Шеп, шеп, шеп шөжелерім,

Шеп, шеп, шеп, шеп, шәжелерім.

Мамық жүнді шөжелерім,

Нәзік үнді шөжелерім, шеп. 3 рет

Тақпақтар топтамасы

 

Алғырлығын байқатты,

Маймылды да оқыттым.

Шұлық пенен байпақты,

Өрмекшіге тоқыттым.

****

Секіретін жарысқа

Қостым баптап бүргені.

Биікте де, алыста,

Алып шықты жүлдені.

****

Астанам

Болашаққа бастаған

Шарықтайды асқаған.

Ел ордасы Отанның

Мақтанышым Астанам

Астанамыз Астана

Қазақстанның қаласы.

Ең бірінші ел орда,

Мақтанышым Астана.

 

Абайлап жүр,балақай!

 

Бағдаршамға қарап ап,

Абайлап жүр,балақай.

Ережені білмей қап,

Қапы қалма сақтанбай.

Бағдаршамның жасылы-

Көрсетеді жүруді.

Бағдаршамның сарысы-

Көрсетер тәртіп сақтауды.

Бағдаршамның қызылы-

Көрсетеді тоқтауды.

Әй,балақай,балақай,

Бағдаршамды біліп жүр.

Ережені ұмытпай,

Көшелерде түзу жүр!

 

 

Жол белгілері

Қиылыста, жол шетінде, бұрышта.

Түрлі-түрлі белгілер бар тұратын.

Жүресің бе, жүрмегенің дұрыс па.

Не істеу керек? Соған қарап ұғасың,

Қызыл шеңбер ішіндегі таңбалар,

Әлденеге қатаң тыйым салады.

Өміріңді қорғауға олар арналар,

Білемеген өкінішке қалады.

«Мына жерге кірмегенің жөн» дейді,

«Мына жермен жүрмегенің жөн» дейді,

«Кері бұрыл, тоқтама не бұрылма,

Сонда саған ешбір қауіп төнбейді».

Белгілердің мәнін білу — мықты күш,

Келесісі — шеті қызыл үш бұрыш.

Бұл белгілер ескертеді, біліп ал,

Көңіл бөлмей өтіп кетпе тып-тыныш.

Қиылыс па, бұрылыс па алдыңда.

Темір жолға таяп әлде калдын ба,

Өзен бар ма, көпір бар ма, ор бар ма?

Мекені ме жабайы аң мен малдың да?

Соның бәрін біліп ал да абай бол,

Сенің аман жүргеніңді қалайды ол.

Белгілердің сырын еске сақтап ал,

Болашақта жүресің ғой талай жол.

 

Реттеуші

Бақылап жол тәртібін,

Өткізетін әр күнін.

Реттеушіні көрдім мен.

Қиылыстан дәл бүгін.

Ала таяқ қолында

Айтары көп оның да.

Не істеу керек, тұрса

Реттеуші жолыңда.

Тік көтерсе таяқты,

Баспа алға аяқты.

Бағдаршамның бұл белгі

Сары шамы сияқты.

Кеудесімен бұрылса,

Қарап саған бетпе-бет.

Тұрғаны оның, ұғынсаң,

Жолды жаптым, өпте деп.

Арқа жағын қаратса.

Өтіп кетпе аңғармай.

Бағдаршамның бұл белі-

Қызыл түсі жанғандай,

Оң иық, не сол иық,

Бұрылғанда сен жаққа.

Тұрып қалма мөлиіп,

Алға карай тез атта.

Реттеуші бұрылды.

Бір қырындап тік тұрып

Жасыл жанды дегенді

Жүргіншіге ұқтырып.

Реттеуші бар көшеге.

Тап болса егер кімде-кім.

Тек сол берген белгіге

Көну оның міндеті.

 

Бағдаршам

 

Жолды кесіп өтуге мен қамдансам,

Қиылыста қарсы алады бағдаршам.

Менікіндей екеу емес, үш көзді,

Әр көзінің түсі бөлек, аңғарсаң.

Көзі алысты қалт жібермей қырағы,

Бір көз жанса, қалғаны өшіп тұрады.

Қызыл, сары, жасыл түсті көздердің

Бас әрпінен үш түрлі ұғым шығады:

Қ — Қызыл түс — қимылдама, баспа алға,

Қиылыста қарап тұрма аспанға.

С — Сары түс — сәл сабыр ет, дайындал,

Ж — Жасыл түс, жүре бергін, жасқанба.

 

Жолдан өткенде

 

Дастан деген баламын,

Мектепке енді барамын.

Жүруді де үйрендім,

Көшесінде қаланың.

Жол шетіне келгенде,

Тоқтай қалып мен демде.

Көз саламын арнайы

Белгісі бар жерлерге.

Қауіпті ғой көше тым,

Қумай жолдың төтесін.

Жолақтарды іздеймін

Жаяу адам өтетін.

Асықпаймын аптығып,

Алдым мұны жақсы ұғып.

Күйсандықтың тіліндей,

Қатар-қатар ақ сызық.

Ортасында тұра қап,

Оңға, солға бір қарап,

Жолдың арғы шетіне

Жетіп алам жылдам-ақ.

Көлікке мінгенде

Қаламызда қырандай,

Самғар көлік табылар.

Троллейбус пен трамвай,

Автобустар тағы бар.

Автобусқа асығып,

Жолды кесіп өтпеймін.

Доп тепкендей асырып,

Бос қалбырды теппеймін.

Жол шетіне трамвай

Келе алмайды күтсең де.

Болу керек тым абай,

Мінгенде не түскенде.

Өзім барар бағыттың,

Нөмірін де білемін.

Ережеге қанықпын,

Артқы есіктен кіремін.

Жұрт аяғын баспаймын

Бүлдірмеймін, шашпаймын.

Жол ақысын «қоянша»,

Төлеместен қашпаймын.

Шаршап кейде жүрсем де,

Орын берем үлкенге.

Қатты шулап тұрмаймын,

Құрбылармен күлсем де.

Аялдама аттарын

Жаңылмастан жаттаймын.

Жолда жүру тәртібін

Мен осылай сақтаймын.

Қайырбек Шағыр

КӨЖЕК

Мен кішкентай көжекпін,

Қорқақ емес өжетпін.

Маған зорға тигені-ай

Үлкендерден кезектің.

Менмін нағыз сұр көжек,

Тыңдаңыздар бір мезет.

Тұрмын сыйлық алғалы,

Ортаңызда тіл безеп.

АЛА ДОП

Ұнайтын шығар қалайда,

Құмар ғой барлық бала деп.

Бір жастан асқан Арайға,

Әкелдім үлкен ала доп.

Қуана жайды құшақты,

Қалыпты оны қарбыз деп.

Дайындап табақ, пышақты,

Шығарды шатақ жарғыз деп.

Төндірді допқа қауіп көп,

Қой десек көнбей оқталып.

Табанда қарбыз тауып кеп,

Қатерден қалдық допты алып.

ӘЛЕМДЕ ЖОҚ БАЛА

Ажар келіп ауладан,

Мәз боп бізге қарады.

-Тура Арайдан аумаған,

Көрдім,-деп,-бір баланы,

«Мұның қалай?» дегендей,

Арай кенет бұртиды.

Қалды да ана елеңдей,

Деді;-Саған кім тиді?

Қайталады анасы;

-Айт,жазасын берем,-деп.

Таңдандырды баласы;

-Барлығы да сенен,-деп.

-Мен жазып ем саған не?-

Деп анасы ойланды…

-«Сендей бала әлемде

Жоқ»,-дейтінің қайда әлгі?!

ТҮСПЕЙ ҚОЙДЫ ЕСІМЕ

Бір ініміз үйленіп,

Келініміз үйге еніп,

Тойда тұтас болуға,

Ләйлаға да тиді ерік.

Шаттығының шегі жоқ,

Дамыл тапқан кезі жоқ.

Ән салып, би биледі,

Сұрағы да тегі көп.

-Әке, үйленген уақтыңда,

Кеудеңе гүл тақтын ба?

Үлбіретіп мама сен,

Басыңа ақ жаптың ба?

Көздеріңді сәл ашып,

Бір-біріне қарасып

Анау аға, тәтедей,

Тұрдыңдар ма жарасып?

Ойладым кеп ойладым,

Ойлап таба қоймадым.

Ұқсамайды бұған түк,

Менің қалған ойдағым…

АЛАТАУ

Балконнан Біржан самарқау,

Кірді үйге күн бұлт шақта.

-Көрінбейді Алатау,

Кетіпті,-деп,-бір жаққа.

Күн ашылды бақша-бау,

Алтын нұрға көміліп.

Көз тартты Алатау,

Балконнан анық көрініп.

Балконда Біржан балақай,

Қуанды жер тепкілеп.

-Алақай-ау, алақай,

Алатау қайтып кепті,-деп.

БОЛАМ

Балаң болам,

Ұлың дейтін байтақ ел.

Адал болам,

Тапсырмаңды айта бер.

Қадам болам,

Тек ілгері басатын.

Санаң болам,

Сәулелі нұр шашатын.

Алаң болам,

Жер шарының қамы үшін.

Адам болам,

Жібермейтін намысын!

ҰЛЫМ ЖАТЫР ҰЙЫҚТАП

Батырындай баяғы ертегінің,

Жатуынды-ай ұйықтап,тентек ұлым.

Сарбаздарай сақтықты серік еткен,

Қысып ұстап сабынан семсерінің.

Сынып мылтық,

Майысып қылыш жатыр,

Тұрмастай боп құлапты қрысты піл.

Арыстан да айырылып айбатынан.

Үркіп барып,

Бұғып бір бұрышта тұр.

Машиналар жұрдай боп дөңгелектен,

Сыры көшіп, өзінен өң де кеткен.

Шашылған зат,айнала аңғартады,

Кішігірім шайқасты бөлмеде өткен.

Төңкеріліп бір шетте жатыр танкі,

Аюдыңда көкке ұшқан атақ-даңқы.

Шақырам деп тәртіпке титықтаған

шешеңнің де басы әне әңкі-тәңкі.

Жайлы төсек іздемей, жасырынбай,

Алаңында ойынның жатуыңды-ай.

Демін алған жеңістің майданында

Ертегінің байырғы батырындай!

 

 

 

 

Оразақын Асқар

ҚҰЛЫНШАҚ

Құлдыр, құлдыр құлыншақ,

Тентек емес, ұрыншақ.

Құлыншақпен ойнаймыз,

Ойнаймыз қуыршақ.

МЫСЫҚ

Мынау тұрған мысық,

Екі көзін қысып,

Ұйықтап отыр маужырап,

Сүт көжесін ішіп.

ЛАҚ

Мынау тұрған лақ

Салпаңдаған құлақ.

Су ішетін жері

Сылдыраған бұлақ.

БҰЗАУ

Мынау тұрған бұзау,

Алдында тұр-ожау.

Ұнататын тамағы,

Шекер емес,тұз-ау!

Өтежан Нұрғалиев

КӨКЕК

Ұя салып жылылап,

Балапанын бақпайды.

Сөйте тұра бұл көкек,

Өзін-өзі маұтайды.

КЕКІЛІК

Кекілік-ау,кекілік,

Тастан-тасқа секіріп,

Жүре берсең, тұяғың

Кетеді ғой кетіліп?

ТҮЙЕ

Желсе желдей еседі,

Күшінің жоқ есебі.

Соңдықтан да адамдар,

«Жер қайығы» деседі.

БІРЛІК

Жалғыздықты қойыңыз,

Жалғызда күш болмайды

Біз-дегенің бірлік қой,

Достық гүлі солмайды.

Істегенде бір істі,

Жұмылайық бәріміз.

Әрі жұмыс тез бітер,

Бірігеміз әрі біз.

ҚАРҒА

Қарға неге баласың,

«Аппағым» деп мақтайды?

Кірпі неге баласың,

«Жұмсағым» деп ақтайды?

Бала деген бауыр ет,

Отқа салма, күйеді,

Құс екеш те осылай,

Өз баласын сүйеді.

БАЛ АРАСЫ

Гүлден сорып бал жинап

Терлеп жанын қинайды.

Және өзіне жиғанын,

Адамдарға сыйлайды.

ТЫШҚАН

Тышқан, тышқан, тышқандар,

Ойбай, «оны ұстаңдар».

Қоймай бәрін өлтіріп.

Далаға алыс тастаңдар.

Қап, қалтаны теседі,

Ұн, күрішті шашады.

Жойылмаса уағында,

Тиеді оның кеселі.

ҚҰМЫРСҚА

О, құмырсқа, құмырсқа,

Шебер-ақсың жұмысқа

Азық жинап қуысқа,

Қол жаймайсың «туысқа».

Сағидолла Мұсақынұлы

БІЛМЕЙ ТҰРСАҢ, НЕ ШАРА?!

Әдет, дағды, ишара,

Білмей тұрсаң, не шара?!

Түсінгендер-бағытты,

Түсінбегендер-бейшара.

АРҚАДАН ҚАҒУ

Аға сені байқаған,

Қағып қойса арқадан,

Ырзалықтың белгісі,

Жақсылыққа бұл қадам.

БӨРІК АТУ

Аспанға атып бөркімді,

Білдіріп ем еркімді.

Шексіз шаттық белгісі,

Орындасаң сертіңді.

ТІС ҚАЙРАУ

Таусылса да күш мүлде,

Ешқашан да тістенбе.

Сабыр қыл да, айла тап,

Бір жақсылық істеуге.

ЖАҚ ТАЯНУ

Қиын істен аянба,

Жақтарыңды таянба.

Торыққанша құр текке,

Не болғанын баянда.

МҰРЫН ШҮЙІРУ

Алға тастап бұрымды,

Шүйірмеші мұрынды.

Менсінбеген түрің бе?

Қалған әдет бұрынғы.

БАС БАРМАҚТЫ КӨТЕРУ

Өнерпазға ардақты

Көтерсең бас бармақты,

«Бұл-тамаша!»деген сөз,

Берген бағаң салмақты.

ҚОЛ СОҒУ

Ырза болсаң, балақай,

Дегің келсе: «Алақай!»

Ауырғанға қарамай,

Соқ қолыңды аямай.

ҚОЛ ҚЫСУ

Төңірегің нұрланып,

Блса бәрі бір қалып.

Қолын ұстап қысқанның-

Жолдасыңы ырзалық.

ҚОС ҚОЛДЫ ЖАЮ

Ата жолын жалғаған

Бата бермес бар ма адам?!

Жайғаның қос қолыңды-

Тілек тілеу Алладан.

ҚОЛ БҰЛҒАУ

Бірін-бірі сағына

Көп күткендей сарыла,

Қолды бұлғау-қоштасу

Жолыққанша тағы да.

ҚОЛ СОЗУ

Созсаң досқа қолыңды,

Жалғағаның жолыңды.

Қолдың ұшы-қолғабыс

Көп болғаны орынды.

ҚОЛ ҚУСЫРУ

Жеткің келсе мәреге,

Еңбек ету-өнеге.

Қол қусырып отырсаң,

Тамақ өзі келе ме?!

ҚОЛ УҚАЛАУ

Бар шаруаны бітір де,

Жан-жағыңды бүтінде.

Қолдарыңды ысып қой,

Алақанға түкір де.

Ақылбек Шаяхмет

 

КҮЗ

Қарашы күз келді, күз келді

Жапырақ жауыпты іздерді.

Құс біткен керуен тізеді,

Қара бұлт қабағын түйеді.

 

ЖЕТІ КҮН АПТА

 

Бір аптада неше күн,

Бір аптада 7 күн.

Апта деген ағайында

Жеті бірдей ұлы бар.

 

***

Мен Дүйсенбі – доп ойнадым далада.

Мен Сейсенбі – сурет салдым сәндетіп

Мен Сәрсенбі – серуен құрам далада.

Мен Бейсенбі – би биледім муззалда

Мен Жұма – жидек тердім ағаштан

Мен Сенбі – кино көрдім клубтан

Мен Жексенбі – үйде жаттым демалып.

 

ҚЫС

Далада қар борайды,

Ақ мамыққа орайды

Мұз болады, қатады

Жып жылтыр боп жатады.

 

АУЫЛ ӘУЕНДЕРІ

ТҰМАН

Тұмшалаған көк тұман,

Көрсетпейді маңайды.

Ығырыңды шығарған,

Тұман қашан тарайды.

Күннің көзі көрініп,

Жарық нұрын шашса екен.

Қуған желден желігіп,

Қырдан асып қашса екен.

Сергіп сыртқа шығатын,

Үйде қалмай қамалып.\

Кле жатыр алақай,

Көк күмбезі ағарып.

ҚЫЗЫЛЖАР

Гүл өспеген кәделі,

Бауы да жоқ мәуелі,

Басқа жерден сонда да,

Көрінеді әдемі.

Алдым сапар-жол басын,

Кіндік қаным тамғасын.

Осы жерде таныспен

Туған-туыс, қандасым.

Шағын ауыл шап шағын,

Көл көмкерген қапталын.

Ұиытпаппын қырат қыр,

Бел белестің аттарын.

Жырлар жазсам көшелі,

Туған жердің әсері.

Жақсы жерге түскен дән,

Жайқатылып өседі.

БІЗДІҢ ҮЙДІҢ БАҒБАНДАРЫ

Атам екті бір түпті,

Әжем екті бір түпті.

Көкем еккен тұқымнан,

Қызыл, сары гүл шықты.

Мен де қарап тұрмадым,

Шарбақтарды сырладым.

Өсіреміз осылай,

Бау-бақща мен гүл бағын.

ШЕЖІРЕШІ

-Жеті атаңды білесің бе, балақан?

-Өз әкемнен бастап түгел, таратам.

-Шатастырмай айтасың ба, аттарын,

-Қайта-қайта қайталаумен жаттадым.

-Үйренгенің дұрыс болған, қарағым,

Жеті жұрттың қамын жеуге жарадың.

БАТҚАН КҮН

Есеп емес сақтығың,

Құлақтанып батты күн.

Деміне нан піскендей,

Баса алмай тұр аптығын.

Ұясына енгені,

Түннің таяп келгені.

Күн көзіне тәуелді,

Бар тіршілік жердегі.

БҰЛАҚ

Болған бұрын бұлақ,

Аққан басын құрап.

Жерге тиіп себі,

Қаулап белден көгі.

Құмның шөлі қанып,

Сылдырап ән салып

Аңдар болды үйір,

Дәндер өсті түйір.

Шапқыламай шаппай,

Қалды неге ақпай.

Көзін аштым аршып,

Атты көкке шапшып.

ТЕҢІЗ

Дақпыртына, даңқына,

Ел таңдайын қаққандай.

Асығады жағаға.

Бұйра толқын ақ маңдай.

Пәті сұмдық күшті екен,

Дауылдың бұл желіккен.

Қай бағытта ұшты екен,

Қасқалдақтар үріккен.

Жеткерген Әбдірайұлы

ОРАМАЛ ТАСТАМАҚ

Ойыншылар айнала

Алқа-қотан отырар,

Аралары әр бала

Бір-екі адым бос тұрар.

Қолыңда бар орамал

Жетекші ойын бастайды.

Жасап жүріп жорамал,

Бір жерге оны тастайды.

Жұртты айналып сыртынан

Сездірместен жүреді.

Орамалды ал артынан

Тауып бірі, біледі.

Тұра сала орнынан,

Бастаушыны ол қуады.

Қашуға одан

Бұрыннан

Анау дайын тұрады.

Қуғыншы да уысына

Орамалды жасырып,

Тастап біреу тұсына,

Кетпек қулық асырып.

Осылайша, орамал

Әрқайсысына тасталар.

Аңқау,

Жалқау

Балалар

Тым жиірек ұсталар.

Ермек Өтетілеуов

 

Санамақтар мен сергіту сәттерінен жинақтар

Санамақ

Бір, екі, үш,

Бір, екі, үш,

Ал, кәнеки, ұш.

Төрт, бес, алты, жеті,

Төрт, бес, алты, жеті,

Мынау – ауыл шеті.

Сегіз, тоғыз, он,

Сегіз, тоғыз, он,

Ал, кәнеки, қон.

Асықпа да саспа,

Бірден қайта баста.

Санамақ

Бота, түйе,

Құлын,бие,

Торай,шошқа,

Қозы, қошқар,

Қодық,құлан,

Көжек, қоян,

Бақа,шаян,

Торғай,шымшық…

Сен, қал!

Сен, шық! (Қадыр Мырза Әли)

Саусақ санау ойыны

Қуыр- қуыр қуырмаш,

Балаларға бидай шаш!

Тауықтарға тары шаш!

Бас бармақ,

Балалы үйрек,

Ортан терек,

Шылдыр шүмек,

Кішкене бөбек.

Сен тұр – қойына бар!

Сен тұр –қозыңа бар!

Сен тұр –жылқыңа бар!

Сен тұр –сиырыңа бар!

Сен тұр –түйеңе бар !

…Ал сен алаңдамай,

Қазан түбін жалап,

Үйде жат.

Мына жерде құрт бар,

Мына жерде май бар …

Мына жерде қатық бар …

Мына жерде қытық бар…

Қытық , қытық!

Нешеуміз

Бір үйде нешеуміз?

Кел, санайық екеуміз.

Бас бармағым — әкем,

Балалы үйрек – анам,

Ортан терек — ағам,

Шылдыр шүмек – мен,

Кішкене бөбек – сен.

Бір үйде біз нешеуміз?

Бір үйде біз бемеуміз.

Жеті ұл

Сәл демалып, тыным ал.

Тақпақ тыңдап, ұғып ал.

Апта деген ағайдың

Жеті бірдей ұлы бар:

Біріншісі – Дүйсенбі,

Екіншісі – Сейсенбі,

Үшіншісі – Сәрсенбі,

Төртіншісі – Бейсенбі,

Жұма деген – Бесінші ұл,

Алтыншы ұл – Сенбі,

Жетіншісі – Жексенбі.

Санамақ

— Адамда қанша бауыр бар?

— Біреу.

— Қанша өкпе бар?

— Екеу.

— Бір тоқсанда неше ай бар?

— Үшеу.

— Есеп шығаратын амал қанша?

— Төртеу.

— Күнде оқылатын намаз қанша?

— Бесеу.

— Әлемде қанша құрлық бар?

— Алтау.

— Бір аптада неше күн бар?

— Жетеу.

— Малда қанша жілік бар?

— Сегіз.

— Домбыраның пернесі қанша?

— Тоғыз.

— Цифрлар қанша болды?

— Он.

Міне өстіп жаңалап

Айтып шықтық санамақ.

Он саусақ

Айтар болсам саралап

Көп қой түрлі санамақ

Бір дегенім – бір саусақ

Екі дегенім – екі саусақ

Үш дегенім – үш саусақ

Төрт дегенім –төрт саусақ

Бес дегенім – бес саусақ

Алты дегенім – алты саусақ

Жеті дегенім – жеті саусақ

Сегіз дегенім – сегіз саусақ

Тоғыз дегенім – тоғыз саусақ

Он дегенім – он саусақ

Он қолымда бес саусақ

Сол қолымда бес саусақ

Екеуін қосып санап ем

Барлығы болды он саусақ

Барлығыда әп ай ай,

Бейне бір он бауырсақ.

Бір аптада

Бір аптаның күндері өтті:

1.Дүйсенбіде гүлдер ектім.

2.Сейсенбіде алма тердім.

3.Сәрсенбіде су әкелдім.

4.Бейсенбіде бақша баптап,

5.Жұма күні тақпақ жаттап,

6.Сенбіде мен саған бардым.

7.Жексенбіде бір демалдым.

***

Бас бармағым -атам,

Балалы үйрек – әжем,

Ортан терек — әкем,

Шылдыр шүмек – анам,

Кішкене бөбек – мен.

Міне, менің барлық отбасым.

***

Басталады саусағым бас бармақтан, бірінші,

Балан үйрек болады, санағанда екінші,

Ортан терек биігі тұрып қапты, үшінші,

Шылдыр шүмек келеді

«кезегім» деп төртінші.

Кішкентай бөбек таласпай,

болған екен бесінші.

Қасқыр қақты қақпаны.

-Ашыңдар, тез!-айтқаны.

Сол-ақ екен лақтар-

Титтей-титтей шұнақтар

Жан-жағына жүгірді,

Жасырынып үлгерді.

Бірі — төсек астына,

Бірі — пештің қасына,

Бірі — сәкі астына,

Бір – астына керует,

Бірі –тапқыр керемет,

Отыр бөшке түбінде,

Қанша лақ бар бұл үйде?

***

Бір – дегенім бірлік,

Бірге ойнап күлдік,

Бір үйдегі көп бала,

Бір көлікке міндік.

Екі – дегенім елім,

Ата-мекен жерім.

Ол — өзен, көл, Кең дала,

Ол – тауларым менің.

Үш — дегенің үй,

Үйсіз оңбас күй.

Үй – туған ел бөлшегі,

Соны еске түй.

Төрт атақты төрт түлік,

Төрт түлікте тоқшылық.

Жылқы, сиыр, қой, ешкі

Өсір бәрін көп қылып.

Бес – қолында бес саусақ

Іске даяр тұр самсап.

Тас қамалды бұзамыз,

Жұдырықтай бір болсақ.

Алты- асау арғымақ,

Мінсең шабар арқырап.

Қиялдайды сондайды,

Бәйге сүйгіш әркім-ақ.

Жеті — туған жеріміз,

Біз – туған жер төліміз.

Жиі барсақ ауылға,

Тола түсер кеміміз

Сегіз — дегенің салтанат,

Ел жиналар анталап.

Тәуелсіздік тойы бар,

Сайыс құрар бар талант.

Тоғыз – торғын тоғайың,

Бауыр, туыс, ағайын.

Ұстаздарың, достарың,

Шаттық толы маңайын.

Он – Отанның ардақты,

Ол – қорғаның салмақты.

Сені ақылды болар деп,

Бар тілегін арнапты.

Санамақтар

Бір дегенім – баспақ

Бұзауды жүр бастап.

Екі дегенім ешкі

Ешкі қойдан есті.

Үш дегенім – үйрек

Жем бер, қолға үйрет.

Төрт дегенім – тайлақ

Тайлақты қой байлап.

Бес дегенім – бие

Құлынына ие

Алты дегенім – атан

Мініп жүрген атам.

Жеті дегенім – жорға

Жорғаны мін жолға

Сегіз дегенім – сиыр

Сиыр тұзға үйір.

Тоғыз дегенім – тоқты

Тоқты жемді соқты.

Он дегенім осы

Төрт түліктің досы.

Бір дегенім бүркіт,

Қалады аңдар үркіп.

Екі дегенім есек,

Білмейді ол есеп.

Үш дегенің үкі,

Ұстап жейді түлкі.

Төрт дегенім тиын,

Сан білмесең қиын.

Бес дегенім бұлбұл,

Сайрағанда дүл – дүл.

Алты дегенім арғымақ,

Дөңдеу жерден қарғымақ.

Жеті дегенім жайын,

Жайынның жейміз майын.

Сегіз дегенім серке,

Енесіне ерке.

Тоғыз дегенім түлкі,

Жүрген жері күлкі.

Он дегенім оймақ,

Осы сөзді қоймақ.

*Бір дегенім билік, барлық іске килік

Екі дегенім – ерік, қойма еркінді беріп.

Үш дегенім – үміт, шақырады күліп,

Төрт дегенім – талап, босқа жатпа қарап.

Бес дегенім – бірлік, бірліксіз жоқ тірлік.

Алты дегенім — арман, шығатұғын алдан.

Жеті дегенім – жігер, жеңгеніңді тілер.

Сегіз дегенім – сенім, сенген табар елін.

Тоғыз дегенім – талғам, оқуменен алған.

Он дегенім — өзім , бәрін білер кезім.

Бой сергіту жаттығулары

(Мазмұнына қарай қимыл жасап үйрету)

Ал, балалар, тұрайық

Алақанды ұрайық.

Оңға қарап иіліп,

Солға қарай иіліп

Бір отырып, бір тұрып,

Бір тынығып алайық.

Орнымыздан тұрайық,

Белімізді жазайық.

Жоғары төмен қарайық,

Солға, солға түзу тұр.

Алға қарай бір адым

Бойымызға күш жинап

Бір дем алайық.

Кәне, кәне тұрайық,

Үлкен шеңбер құрайық,

Алақанды ұрайық,

Отырып бір тұрайық.

Оң жаққа бұрылып,

Сол жаққа бұрылып,

Бір шапалақ ұрайық.

***

Біз кішкентай баламыз,

Өсіп — өніп толамыз.

Көкке қарап талпынып,

Күнге қолды созамыз.

Қанат қағып ұшамыз.

Қарлығаштай қалықтап,

Бір отырып, бір тұрып,

Жаттығулар жасаймыз.

***

Қоюланып тағы бұлт,

Жауды жаңбыр себелеп

Жапырақты жамылып

Бұға қалды көбелек.

Биік болып өсеміз

Жапырақтай жайқалып

Табиғатты сүйеміз

Денемізді тік ұстап

Билеп, билеп аламыз.

Бойды сергек тік ұста,

Емін – еркін тыныста,

Деміңді ішке тез алда

Оң қолыңды соз алға

Қол ұшына қара да

Үшбұрыш сыз ауада

Сол қол бос тұрмасын

Шеңбер жасап тынбасын.

***

Аспанда бұлт торлайды

Жаңбыр жауды себелеп

Кішене бұтақ астына

Тығылып алды сұр көжек.

Жел үрлейді у-у,

Құйын келіп билейді гу-гу,

Қатты – қатты жел соқты.

Жапырақтар қол соқты.

***

Қарлығашқа ұқсайық

Қане қанат жазайық

Қарлығаш боп ұшайық

Ұшып – ұшып алайық.

Бір –екі – үш,

Қарлығаш боп ұш.

Төрт -бес – алты,

Қарлығаш боп қалқы.

Жеті – сегіз –тоғыз – он,

Қарлығаш боп қон.

***

Көбелекке ұқсап-ап

Ұшайықшы бәріміз

Оңға қарай бір ұшып

Солға қарай бір ұшып

Шарлайықшы жер шарын

Біздер тату баламыз,

Гүл-гүл жайнап жанамыз

Жаттығуда сергіп қаламыз

1,2,3 жоғары қолды созамыз

Жоғары, төмен қарайық,

Орнымызды табайық.

***

Күнге қарайық,

Шашымызды тарайық.

Керіліп дем алып,

Бойымызды жазайық.

Секірейік, жүгірейік,

Қуанайық, күлейік.

Отырайық, дем алайық,

Дем алып ап, жүрейік.

Сергіту сәті

Ал, балалар, келіңдер,

Бой жазайық бәріміз-

Мойнымызды бұрамыз,

Қолымызды созамыз,

Биік болып өсеміз,

Жапырақтай жайқалып.

Табиғатты сүйеміз,

Шетімізден шеберміз.

Денемізді бос ұстап,

Билеп, билеп аламыз.

Аяқтармен топ-топ басып,

Орнымызға барамыз.

Сыңғыр, сыңғыр сыңғырлар,

Құлағымда ырғалар.

Оң қолымда білезік,

Саусақтарда сақина,

Санап көрші кәнекей 1,2,3

Дем аламыз жинап күш.

***

Көтеріліп шаңырақ,

Керегелер керіліп,

Өрімдей боп өріліп,

Бәріміз жүрсек айналып,

Киіз үй боп көрінер.

***

1,2,3 – ал қанекей ұш,

4,5,6,7 –мынау ауыл шеті,

8,9,10 – ал қанекей қон.

Асықпа да саспа,

Бірден қайта баста.

***

Қорбаң, қорбаң, қорбаңбай,

Келе жатқан аю ғой.

Жақындап оған бармайық,

Қатар, қатар тұрайық

Алыстан байқап қарайық.