Ақ күріштің атасы – Ыбырай Жақаев

Сабақтың тақырыбы: Ақ күріштің атасы – Ыбырай Жақаев

Сабақтың мақсаты:

  1. Білімділік. Оқушыларға «Ақ күрішті аймақ» Қызылорда облысы және ақ күріштің атасы Ы. Жақаев туралы түсінік бере отырып, мәтінді меңгерту.
  2. Дамытушылық. Шығармашылық қабілеттерін арттыра отырып, оқушылардың ой — өрісін, сөйлеу тілін, ізденімпаздық, танымдылық, есте сақтау қабілеттерін дамыту.
  3. Тәрбиелік. Оқушыларды табиғатты сүюге, қорғауға, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.

Сабақтың типі: Жаңа материалды игерту

Сабақтың түрі: зерттеу сабағы

Сабақтың көрнекілігі: ҚР географиялық картасы, Ы. Жақаевтың суреті, слайдтар.

Жаңа сабақ: Ақ күрішті аймақ

Картамен жұмыс.

— Арал теңізінің шығысынан басталып, Сырдария өзенін бойлай Қызылорда облысы созылып жатыр. Оның ең басты қаласы – Қызылорда. Бұл аймақтың табиғаты шөлді. Жерінде үлкен — үлкен құмды жондар жиі кездеседі. Республикамыздың ең ыстық шөлді өлкелерінің бірі.

Бұл өлкенің басты ерекшелігі — Сырдария бойында жатуы. Шөлді аймақты көркейтіп, ақ күрішті жайқалтып отырған Сырдың суы.

Ақ күріштен мол өнім алудан алға шыққан адам – атақты күрішші Ыбырай Жақаев еді.

Ыбырай Жақаев — екі мәрте Социалистік Еңбек Ері (1949, 1971), күріш өсіруші, социалистік егін шаруашылығының даңқты шебері, колхоз құрылысының ардагері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты(1946). 1891 жылы қазіргі Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Қызылту ауылында туған. 1929-1967 жылға дейін Қызылорда облысының Шиелі ауданына қарасты «Қызылту» (қазіргі Ы.Жақаев атындағы) колхозында күріш звеносының жетекшісі болып еңбек етті. Ұлы Отан соғысы жылдары (1941-1945) Отан қорғау қорына арнап танк колоннасын жасауға 150 мың сом қаржы берді. 1944 жылы күріштің әр гектарынан 110ц, 1945 жылы 156 ц күріш алса, 1947 жылы өзіне бекітіліп берілген тәжірибе учаскесінің (5 га) әр гектарынан 172 ц өнім алып, дүниежүзілік рекорд жасады. 1948-1957 жылдары аралығында 20 га жердің әр гектарынан 150-170 ц тұрақты өнім алып келді. Жақаев бірінші болып күріш егісін жоңышқа атызына орналастырды. Тұқымды себу алдында күнге қыздыру, көң мен суперфосфат ерітіндісіне бөктіріп, бүршіктендіріп себу, қамыс және күрмек арамшөптерімен күресу, күріш егісіне тыңайтқыш енгізу мөлшері мен мерзімін дұрыс анықтау сияқты агротехника шараларды өндіріске енгізді. Бұл технологиялық әдістер “Жақаев агротехникасы” деп аталды.

1964 жылдың ақпанында Қазақстанның жас егіншілеріне «Жастар, сендерді ақ күрішті алқаптар күтуде» деген үндеу тастады. Бұдан кейін республикада Жақаевшылар қозғалысы кеңінен өрістеді. Жақаевтың мыңдаған ізбасарлары болды.

Қызылорда облысында күріштен мол өнім алған күрішшілерге тапсырылатын «Ыбырай Жақаевтың еңбек аттестаты» белгіленген. Шиелі ауданының Ы.Жақаев атындағы колхозында күрішшілердің республикалық «Жақаевшылар мектебі» жұмыс істеді. 1-4-ші сайланған ҚазССР Жоғарғы Советінің депутаты болды. КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты(1946) 1947-1955 жылдары — ҚазССР Жоғарғы Советі Президиумының мүшесі болған.

Жүлделері:

4 мәрте Ленин ордені

Еңбек Қызыл Ту ордені

2 мәрте Социалистік Еңбек Ері (1949, 1971)

Халықтар достығы ордені

Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы және Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмелерінің алтын медальдары

Есімі берілген жерлер:

Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы бұрынғы “Қызыл Ту” ұжымшары, орта мектеп, Қызылорда қаласындағы көше, облыс емдеу-сауықтыру профилакторийі Жақаев есімімен аталады.

1982 жылы Шиелі ауданындағы Жақаев атында күріш өсіру тарихи мұражайы ашылған.

Қызылорда қаласында Жақаевқа ескерткіш орнатылған.

Қайтыс болған күні: 19 қыркүйек 1981

Қайтыс болған жері:   Қазақстан, Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Қызылту ауылы

Үйге тапсырма:

1 топ: Сыр елі – жыр елі (реферат жазу)

2 топ: Ы. Жақаев туралы (реферат жазу)