Менің орным қайда?

Менің орным қайда?

 

             Дидактикалық мақсаты. Сандар қатары туралы түсініктерін бекіту. Цифрлардың жазылуы, оны дұрыс орындауға дағдыландыру.

Қажетті құрал-жабдықтар. 0-ден 10-ға дейінгі кеспе цифрлар.

             Ойын мазмұны. 0-ден 10-ға дейінгі кеспе цифрлар таратылып беріледі.

Тәрбиеші «өз орныңды тап»,- деп хабарлағанда , қолдарында кеспе цифрлары бар оқушылар сәйкес орынға тұрып, сандар тізбегін құрайды.Қалған балалар дұрыстығын тексереді. Егер дұрыс тұрса жасыл, қате болса қызыл текше көрсетеді.

Барлық сандар дұрыс орналасып болған соң тәрбиеші әр цифрдың орнын нақты сұрақтар арқылы анықтайды. «2» неліктен бұл жерде тұрсың?

-Менің 1-ден 1 бірлігім артық, 3 -тен бір бірлігім кем.

Сондықтан 1-ден кейін, 3-ке дейін тұрамын,немесе менің орным-1 мен 3-тің арасы.

-0-дің орны қайда?

-0-дің орны сан тізбегінің басында,себебі 1-ден кем және т.с.с. жауаптар беріледі. Осылайша әр цифрдың орны анықталып,ойын жалғасады.

«Тізбек».

 

               Дидактикалық мақсаты. Санның ретін меңгерту. Санды өсу және кему ретімен дұрыс санауға дағдыландыру . Ауызша және жазбаша есептеулер жүргізуге дайындау.

Қажетті құрал-жабдықтар. 10*10 см етіп дайындалған карточканың бір бетіне 1-10 аралығындағы сандар, келесі бетіне буын жазылған (бұл бетке түс беріліп боялған жөн).

Ойын мазмұны. Сан мен буын жазылған карточка балаларға таратылып беріледі. Тәрбиеші 10 саны жазылған карточкасы бар оқушыны тақта алдына шақырады, келесі оқушылар ретімен келіп,сан тізбегін құрады.Қалған балалар сан ретінің дұрыс орналасуын қадағалайды.Тізбектегі санды хормен,жеке санап, оқиды(өсу және кему ретімен).Бұдан кейін,әр оқушы карточканың бояулы жағындағы буынды тізбектей оқып шығады. Карточканы ретімен жылжымалы сөреге орналастырып орындарына отырады.Жазылған буындарды балалар кезектесіп оқып шығады. Осылайша сиқырлы сан сыры шығады.Сан сыры балалар тәрбиелік мәні бар бір нақыл сөз,мақал-мәтел,немесе басқа да ұлағатты сөз болуы мүмкін.Мысалы «оқу білім бұлағы»,т.б

 

Құлпынай теру.

 

         Дидактикалық мақсаты. Сандар құрамын есте сақтау дағдыларын қалыптастыру. Ауызша,жазбаша есептеумен   байланысты білімдерін пысықтау.

Қажетті құрал-жабдықтар. Сан құрамына байланысты өрнек жазылған «құлпынай». Бес себет. Орманды бейнелеп салған мазмұнды сурет.

        Ойын мазмұны. Орман суретіне құлпынайлар бекітіледі немесе алаңға шашырай өскен құлпынай. Тақтаға екі бала шығып,әрқайсысы өздеріне берілген сандар құрамына байланысты құлпынайдағы өрнекті шығарып,өз себеттеріне салады. Тапсырма орындалып біткен соң,себеттегі құлпынайды көрсете отырып,жауабы тексеріледі. Тексеру жұмысын математикалық  диктантпен бекітуге болады.

 

Қызықты санау.

 

Дидактикалық мақсаты.Санау жағдайларын бекіту.Сан мен цифр сәйкестігін тиянақтау.

Қажетті құрал-жабдықтар. Көрнекті кесте.

Ойын мазмұны.Тақтаға 0-ден 10-ға дейінгі сандар шашырап жазылған плакат ілінеді.Балалар бірер сәт тақтаға қарап,зейіндерін тұрақтандырып алу керек.Ойын жарыс түрінде өткізіледі.

Тапсырма! Тақтаға шақырылған бала цифрларды тез санауы, әрі сәйкес сандарды көрсетуі керек. Кім 10-ға дейін әрі санап,әрі көрсетіп тез жетеді,сол «жеңімпаз», «зейінді» бала атанады.Әр қатардан бала шақырып, ойын тез қимылмен өткізілсе, балалардың қызығушылығын арттырып, жинақылыққа тәрбиелейді.

 

 

 

 

«Шырша безендіру».

 

                 Дидактикалық мақсаты. Ауызша қосу, азайту амалдарына есеп шығаруға қатысты балалардың білігін қалыптастыру.

                 Қажетті құрал-жабдықтар.Көрнекті кестедегі шырша суреті.Боялған әртүрлі ойыншықтар үлгісі(геометриялық фигуралар,аңдар,жеміс-жидектер т.б.).

                Ойын мазмұны.Ойынға балалар тегіс қатысады. Сыртында 10 көлеміндегі қосуға ,азайтуға арналған өрнектер жазылған боялмаған ойыншық үлгілері таратылады. Балалар алдымен үлестеріне тиген ойыншықтарын сәйкес бояумен бояп, өрнек бойынша сәйкес тапсырманы орындап ойыншықты шыршаға іледі.Ойын осылай жалғасады. Ойыншықтар ілініп біткенде, шырша безендіру жұмысы аяқталып,дұрыс орындаған балалар мадақталады.