«Рухани жаңғыру – ұлт мұраты» атты қалалық шараның сценариі

Ж: Армысыздар, құрметті қонақтар, ұлағатты ұстаздар мен озық ойлы оқушылар! № 7 мектеп-лицейінде елбасымыздың саясатын қолдау, рухани жаңғыруды сипаттау, оқушы бойында ұлттық сананы ояту, туған халқына деген құрмет, сүйіспеншілік, мақтаныш сезімін ұялату, ұлттық рухты сіңіру мақсатында ұйымдастырылып отырған «Рухани жаңғыру – ұлттың ұлы мұраты» атты қалалық семинарға қош келдіңіздер!

Өздеріңізге мәлім, осыдан бір жарым жыл бұрын жариялаған Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» мақаласы қазақ қоғамының руханияты мен мәдениетінің көкжиегін ашқан мақала болды. Ал, кейінгі жарияланып отырған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы ұлттық мұраларымызды терең тануға серпін беретін үлкен тарихи мәнге ие өсиет болып табылады. Мақала «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт», «Тарихи сананы жаңғырту» атты бөлімдерден тұрады. Президент бұл жолы ұлттық болмысымызды сақтап, тарихымызды жаңғырту жайына кеңінен тоқталған. Әсіресе жас буынды ұлттық тәрбиемен сусындату керектігі жазылған. Біздің даңқты батырларымыз, ойшылдарымыз бен ел билеушілеріміз тек Қазақстан ғана емес, сондай-ақ бүкіл əлем бойынша еліктеуге лайықты тұлғалар екендігін Елбасы тілге тиек еткен. Мақалада Атқа міну мәдениеті, Ұлы даладағы ежелгі металлургия, Аң стилі өнері, алтын адам, түркі әлемінің бесігі, Ұлы жібек жолы, Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны сынды ұлы даланың 7 қырын кеңінен түсіндіріп, бұдан бөлек «Архив-2025», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Түркі әлемінің генезисі», «Ұлы даланың ежелгі өнер мен технологиялар музейі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы», «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» сияқты нақты жобаларды жүзеге асыру керектігін атап өткен.

Елбасымыздың сарабдал саясатын қолдау мақсатында киелі шаңырағымызда «Рухани жаңғыру – біздің мектепте» атты жоспар бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Мәңгілік Ел идеясының құндылықтарын, ұлы даланың 7 қырын  шәкірт санасына сіңіру, әр сабақтың өн бойында жүзеге асып, ұлтымыздың ұлы тұлғаларын танып білу, ұлттық мәдениетімізді – әдебиет пен өнерімізді, ұлттық ойындарымызды қайта жаңғырту, дәріптеу мақсатында түрлі тәрбиелік мәні зор мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, домбыра, тоғызқұмалақ, қолөнер секілді түрлі үйірмелер жұмыс жасайды. Ендеше, «Рухани жаңғыру мектеп өмірінде» тақырыбындағы ұжым ұстаздары мен оқушыларымыздың шығармашылығына куә болыңыздар!

Ұлы даланың бірінші қырыатқа міну мәдениеті. Жылқының қолға үйретілуінің өзі әлемдік дамуға орасан зор әсер етті. Төлепбаева Гүлмираның жетекшілігімен бүлдіршіндеріміздің орындауында атқа міну биін тамашалаңыздар.

1.Би.Айгүл апай

Ж:Ұлы даланың екінші қырыежелгі металлургия. Әлемнің қарыштап дамуына әсер еткен ең маңызды оқиғалардың тағы бірі – металлургия өндірісі. Адамзат қола, мыс, темірден бастап, алтын, күміске дейінгі асыл тастарды өндіруді көне замандардың өзінде-ақ игеріп, игілікке жаратты.Жылқы әбзелдерінің ішіндегі өркениеттің өрісін кеңейткен үзеңгі, ауыздық, таға сияқты бұйымдар металлдан жасалады. Біздің Ұлы даламыздың сондай ірі өндіріс ошақтарының бірі болғаны да көкейге қуаныш ұялатады.

Мақала төңірегінде ой бөлісу үшін ортаға құрметті қонағымыз Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология ғылымдарының кандидаты, профессор Абасилов Аман Мәделбекұлын қошеметтеп шақырамыз.

2.Аман ағай сөйлейді.

Ж: Құрметті оқушылар, ұстаздар, ағайға қоятын сұрақтарыңыз болса, мархабат.

3.Оқушылар сұрақ қояды.

Ж: Рухани жаңғыру арқылы ұлттық кодымызды танып, әлемге өзімізді таныта білсек, «Ұлы даланың жеті қыры» арқылы біз айқындалу жолын нақты белгілеп алдық. Біздің халық — ғұндар мен сақтардың, түркі этностар тобының мұрагері. Біз кім екенімізді айқындап қана қоймай, бүкіл әлемге де белгі бердік. Әсіресе, қазір бұл өте маңызды. Құрметті қонағымыз, бар өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнап, еліміздегі іргелі М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледжін ұзақ жылдар басқарып, білім ұясынан сан мыңдаған білімді түлектер ұшырған, қазіргі таңда облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы Әбдіхалықова Әлима Жақыпкызын қошеметтеп шақырып, сөз кезегін береміз.

4.Әлима апай сөйлейді.

Ж: Ұлы даланың үшінші қыры Аң стилі өнері – ұлы дала халқының рухани байлығының айшықты белгісі. Ата-бабаларымыз жыртқыштардың, мысық тұқымдас аңдардың суретін жиі қолданған. Егемен еліміздің символы-тұрпаты текті қар барысы болуы кездейсоқ емес.

Төртінші қыры – Алтын адам. Біз алтынды өндіріп қана қоймай, оны тұрмыстың барлық саласында кеңінен қолданып, күнделікті өмірімізбен біте қайнастыра білген халықпыз. Ол үшін Есік қорғанынан табылған «Алтын адамды» айтсақ та жеткілікті. Мектебімізде технология пәнінде қыз балаларға дәріс беруде қазақ халқының дәстүрін жаңғырту мақсатында рухани дамыту жұмыстарын жүргізіп жүрген мұғаліміміз Шамхова Гүлбану Ибрайқызын он саусақтан өнер тамған шәкірттерімен бірге қошеметтеп ортаға шақырамыз.

5.Бәкира апай өнерлерін көрсетеді.

Ж: Ұлы даланың бесінші қыры – Түркі әлемінің бесігі. Фарабидей ұлы ойшылды дүниеге әкелген Отырар, Иасауидей түркілердің рухани көшбасшысын өмір сүрген Түркістан қаласының қазақ жерінде орналасуы көңілге қуаныш ұялатады. Түркілер өнер мен ғылымның әлемдік сауданың орталығына айналған ортағасырлық қалалардың гүлденуіне жол ашты. Фараби күй ойнағанда тыңдаған адамдар егіліп жылайды екен. Бұл да күйдің құдіреттілігі болса керек. Мектебіміздегі рухани жаңғырудың қолдаушысы, ұлттық өнерді дәріптеуші домбыра үйірмесінің жетекшісі Ешниязова Жарқын Қасымқызын өрендерімен, өнерлерімен ортаға шақырамыз.

6.Жарқын апайдың оркестрі.

7.Ұлы жібек жолы туралы бейнеролик.

Ж: Сіздердің тамашалағандарыңыз Ұлы даланың алтыншы қыры – Ұлы жібек жолы болатын. Еуразияның кіндігінде орналасқан Ұлы даламыз – Шығыс пен Батыстың арасындағы қақпа, өркениеттер мен мәдениеттер тоғысқан алтын көпір. Әлемдік сауда жүйесінің дамуына, бүгінгі транзиттік «дәліздердің» пайда болуына тікелей ықпал еткен Ұлы Жібек жолының біздің жерімізден өтуі Қазақстан туралы осындай анықтама жасауға мүмкіндік береді.

Қазақ елі құрметке мәңгі лайық,
Тез өркендеп әлемді таң қылайық.
Рухани жаңғыруды шын түсініп,
Бәрімізде дәл бүгін жаңғырайық,- дей келе, мың бұралған биші қыздарымызды «Рухани жаңғыру» биімен ортаға шақырамыз. Қабыл алыңыздар!

8.Би.Меруерт апай.

Ж: Ұлы даланың жетінші қырында Елбасы Ұлы дала төсінің күллі түркі дүниесінің атажұрты саналатынына, бүгінде әлемдік өркениеттің ажырамас бөлігіне айналған алма мен қызғалдақтың да «тарихи отаны» қазір біздер өмір сүріп отырған қоныс екеніне айрықша назар аударған. Мінеки, бүгінде жер-жаһанның ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылуды мақсат тұтқан Қазақстан әлемдік өркениетке не берді, деген сауалға ауыз толтырып айтатын жауап осындай. Яғни, қазақ даласы – адамзат өрлеуінің қайнар көзі. Демек, біз тарихымызды қайғы-қасіретпен, жаугершілік заманмен және үрейлі жылдармен ғана емес, бүгін өзіміз бір бөлшегі болып отырған әлемнің қалыптасуына, ғылым мен білімнің дамуына, өркениеттің өріс алуына сүбелі үлес қосқан халық екенімізбен байланыстыруымыз қажет. Біз тәуелсізбіз, егеменбіз, азатпыз, ұлағатын ұлықтаған, салт-дәстүрі мен тарихын, мәдениетін сақтаған қазақпыз!

Егемен еліміздің ертеңі – жас өрендердің орындауында хор «Атамекен».

9.Хор.Атамекен.

Ж: Халықпыз ежелден-ақ өр мінезді,
Жаңғырудың енді міне келді кезі.
Шын қолдап Елбасының саясатын,
Күн санап жаңғыруда елдің өзі.
Жетпіс жыл қызылдарға сиынсақ та,
Халқымыз сан жол тапқан қиын шақта.
Енді бүгін жаңғыру кезеңінде,
Ұлтыңның дінін,ділін,тілін сақта.
Бүгінде айналаның нұрлы бәрі,
Тұр естіліп көңілді Сырдың әні.
Кешегі бабалардың өсиеті-
Рухани жаңғырудың бір құрамы.

Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында мектеп кітапханасының қорын жаңа оқулықтармен толықты. Ұстаздарымыз әрқашан шығармашылық ізденісте жүріп, жұмыстарын облыстық, республикалық басылым беттеріне үздіксіз жариялап тұрады. Толығырақ мәлімет беру үшін 6-сынып оқушысы беделбек Ақботаға сөз кезегін береміз.

10.Кітаптармен таныстырады.

Ж: Алдымызда тұрған ендігі міндет – Елбасы анықтап берген сол басымдықтарды іске асыруға қоғам болып жұмылу. Бұл ауқымды жұмысқа бір кісідей атсалысып, өз үлестерін қосса, көздеген мақсатқа қол жеткізу жеңілдейтіні анық. Ең бастысы, ел дамуы мен тарихымызды танудың жаңа кезеңі жолында әрқайсымыздың аянбай еңбек еткеніміз абзал.

Мыңжылдықтар өтіп, қоғамдық құндылықтар мен қағидаттар алмасса да өзгермейтін, уақыт шеңберінен өлшенбейтін нәрсе бар. Ол – бабадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық мұра, тасқа басылған төл тарих. Өзіндік дара тарихын ұлықтау – түбегейлі жаңғыруға бет алған қоғам үшін үлкен маңызға ие.

Рухани жаңғыру – тарихи сәт сауапты,

Сауапты іске бәріміз де жауапты:

Тұлпарымыз озсын десек бәйгеде,

Ұрпағымыз болсын десек сауатты.

Асуды асып Қазақстан – ардағым,

Аспанменен астасып тұр арманым.

Ер бастады! Ел қостады! Жарылқа!

Тәңір ием, туған елдің бағдарын!- деген тілекпен бүгінгі семинарымызды қорытындылаймыз. Көңіл қойып тамашалағандарыңызға алғысымыз шексіз. Ұлтымыздың ұлағатын ұлықтайтын ұрпақтарымызбен әркез мақтанып жүре берейік. Мерейлі күндерде жолыққанша, сау болыңыздар!