Менің мамандығым-мақтанышым

 

Мамандық таңдау — өміріңнің бір кірпішін қалау. «Ең қиын мамандық – адам болып қалу» деп кубалық белгілі ақын-жазушы Хосе Хулиан Мартен айтып кеткендей, мамандық — бұл әрбір адамның сүйіп,  әрі қуана жасайтын ісі, оның ертеңгі болашағы. Әрине, әр адамның да таңдауы әр түрлі. Бірі мұғалім болса, екіншісі – дәрігер, кейбірі биші, әнші мамандықтарын таңдап жатады. Менің ойымша, мамандықтың жаманы болмайды, тек адам баласы өзіне ұнайтын, өзі жан — тәнімен қалайтын мамандықты таңдауы керек сияқты. Мамандық таңдауда қателесуге болмайды, өйткені әрбір адамның болашағы таңдаған мамандығына байланысты болмақ. Адам өзі таңдап алған мамандығын жақсы көріп, шын пейілмен атқарса ғана, сол еңбегінің жемісін көреді.

Мамандық таңдау үлкен жауапкершілікті қажет етеді.

Менің таңдаған мамандығым — офтальмолог. Қазақша түсіндірер болсам, көз ауруларын анықтау, емдеу, сақтау. Бұл мамандықтың міндеті — көзі ауыратын науқастарға сапалы қызмет ету. Бұл мамандықтың ең басты ерекшелігі — қазіргі заман талабына сай мамандық. Олай дейтінім, қазір көзі ауыратын науқастар өте көп. Әлем бойынша әрбір үшінші адам көз ауруынан зардап шегеді. Ал елімізде жыл сайын 1 миллионға жуық адам офтальмолог көмегіне жүгінеді. “Катаракта, глаукома, миопияның асқынған түрі” сынды аурулар атауы көбейіп кетті. Мені “Қазіргі таңда көзі ауыратын науқастар неге көп? Осы аурулар қалай пайда болады? Адамның сөнген жанарына қайта көру мүмкіндігін сыйлауға бола ма?”  деген сансыз сұрақтар ойымды мазалап, мені бей-жай қалдырмады. Көкейдегі сауалдардың жауабын осы керемет мамандықтан тапқандаймын. Жауабын тапқым келіп, офтальмолог мамандығын таңдадым. Шын жүрекпен, мол сүйіспеншілікпен қалаған мамандығым – офтальмолог. Менің мақсатым — адам жанының  арашасы болу, мына жарық дүниенің тек жарқын жақтарын тамашалауға әрбір жанға мүмкіндік сыйлау.

Осы мамандықты бала күнімнен жақсы көремін. Өсіп дәрігер болсам, аурушаң әжемді емдесем деп армандайтынмын. 2011 жылы мектепті жақсы бағаға бітіріп, 1 жыл бойы медицина университетіне түсу үшін дайындық курсында оқыдым. 2012 жылы өзім армандаған АҚ Астана медицина университетінің грантын жеңіп алдым. Қазіргі таңда осы аталған оқу орнының 7-курсында оқимын. Дәрігер болу, адамды емдеу өте қиын. Себебі сенің қателесуіңе болмайды және қатеңді түзетуге болмайды. Өйткені сенің алдыңа келген науқас алдымен, құдайға, содан соң, дәрігерге жанын аманаттап келеді. Ал дәрігер  науқастың үкілі үмітін, сенімін ақтау қажет. Дәрігердің жүрегі кең, көңілі кішіпейіл болуы шартты деп білемін. Кішіпейіл дәрігерге алдында отырған науқас адам өз ауруы туралы ашып айтады, тіпті дәрігер қызметіне ризашылығын білдіреді.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев “ Жарқын болашақ- жастардың қолында” деді емес пе? Біз, бүгінгі ұрпақ, бүгін мен ертеңнің жарқын болашығымыз. Елбасымыз бізге үлкен үміт артты. Сондықтан әрбір ұлт болашағы еліне адал қызмет ету керек. Біздің де ертеңгі күніміздің болашағы — жастар екенін білеміз. Бүгінгі жастар, әрбір жас жүрек өзінің туған Отаны — Қазақстанын жанындай сүйіп, оған табынып өсуі қажет. Сонда ғана жас ұрпақ бойында патриоттық сезім ұялап, келешегіміз кемелдене түспек. Елбасымыздың Халыққа Жолдауында: Біздің ұрпақ алдында бабалар қол жеткізген игілікті сақтау, қайта қалпына келтірілген мемлекетімізді нығайту және дүниежүзілік қауымдастық талаптарына сай жаңа сапалық деңгейге көтерілу міндеті тұр,-деп , жастарға зор сенім мен үміт артып отыр. Сол сенімді ақтап, болашағымызды жарқын қылу – жастарда.

Халқымыз “Ақ халатты абзал жандар” деп тегін айтпаған. Әрбір дәрігер бойында адам өміріне деген жауапкершілік, адалдық және үлкен жүректілік болу керек. Адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты таңдау үлкен жауапкершілікті жүктейді. Себебі дәрігер адам анатомиясын өте терең білумен қатар, кез келген жағдайдағы науқастан жиіркенбейтін, қаннан қорықпайтын, адам тағдырына немқұрайлы қарамайтын, күйзеліске төзімді, жүйкесі мықты жан болуы керек. Әрбір адамның жанына араша болып, оған менің жәрдемім тисе, мен өзімді бақытты жанмын деп бағалаймын. Себебі, мен таңдаған мамандығым –мақтанышым!