Қосымша білім беру жүйесінде оқу үрдісін ұйымдастыру және басқару

Қосымша білім беру жүйесінде оқу үрдісін ұйымдастыру және басқару

 

Еңбек үздіксіз үйренгендіктің

арқасында жеңілдей түседі

Демокрит

 

Шаттығы мен реніші, қиындығы мен жеңісі қатар алмасып, егемендігіміздің еңсесін көтергеніне жиырма бес жыл толып отыр. Бұл адамзат тарихы үшін оншалықты көп уақыт емес. Дегенмен қазақ елі осынау ширек ғасырда орасан зор өзгерістерді бастан кешіріп отыр. 25 жылдың ішінде Қазақстан аяғынан нық тұрып, дүние жүзіне танымал мемлекетке айналды. Қазақстан Республикасының білім беру саласының да өз жастығына қарамастан тереңге тартылған тамыры бар. Білім беру жүйесінің дамуын Қазақстан тәуелсіздігімен байланыстырар болсақ, 1991 жылдан бастап ұлттық идеяға бағытталған бағдарламалар дүниеге келуде.

Бүгінгі өмір талабы үздіксіз білім берудің ажырамас бөлігі ретінде мектептен тыс қосымша сапалы, әрі терең білім беру жолдарын әлемдік дәрежеде ұйымдастыруды қажет ететіні баршамызға белгілі. Қосымша білім беру жұмыстарының ойдағыдай дамуы үшін ұжымның күш-жігерін жұмылдыру — басшының іскерлігінде. Сонда ғана қосымша білімнің ролін арттырып, тұлғалық қабілеттерді дамытып, өсіп-өркендеуіне маңызды үлесімізді қоса аламыз.

Басқару жүйесінің құрылымы тұлғаның қайталанбас даралығының дамуына, шығармашылық бастама алуына бағыт беріп, жағымды орта қалыптастыру деп ойлаймын. Сондай-ақ мекеме басшысы педагогикалық ұжымның әр мүшесінің білімін, іскерлігін көрсетіп, өз-өзіне, айналасындағыларға баға беріп, жұмыстың барлық түрін ұйымдастырып, өз дәрежесін анықтай отырып жеке тұлғаға адамдық түрткі жасау дағдысын жандандыруы тиіс. Ол үшін басшы төмендегідей жұмыс көрсеткішін меңгеруі қажет:

  • Басшылық ісіндегі белсенділік,
  • Басшының өз жұмысын жүргізуге дайындығы;
  • Басшының жұмыс жүргізудегі жаңашылдығы;
  • Ұжымның әр мүшесімен арадағы ізгілікті байланыс.

Басқару мәдениетінде басшы өзін тұлға ретінде басшылықтың технологиясын, құндылықтарын жасап, игеру, дамуға бағытталған жұмыстарда шығармшылық күшін таныта бюілуі керек. Мекеме басқаруда оңтайлы шешім қабылдау, белгіленген мақсатқа сәйкес басқару нысанын ұйымдастыру, қадағалау, реттеу, алынған ақпарат негізінде талдау жасап, нәтижесінің қорытындысын шығару бүгінгі басшы, біздің, басты ұстанымымыз болуы тиіс.

Қазіргі Қазақстан қоғамында адам өз бейімділігіне лайықты жұмыс істегенде, барын сала кіріскенде ғана еңбегінің жемісін көреді. Өзін-өзі үздіксіз дамытып, өз әрекетін өзі дұрыс бағалай алатын тұлғалар ғана бәсекелестікке қабілетті қоғамда өзіне тиесілі орнын таба алады. Кәсіби білікті мұғалім қоғам талаптарына сәйкес болуы үшін төмендегі шараларды жүзеге асыра білуі қажет:

  • Өз білімін жетілдіру;
  • Ұдайы ізденісте болу;
  • Мінез-құлқын тәрбиелеу;
  • Шығармашылық даму.

 

Қосымша білім беру жұмыстары тұлғаның рухани қажеттілігін жан-жақты қанағаттандыратын әр түрлі бағытты қамтиды. Тұлғаның еркін, дербес дамуына, шығармашылық қабілетінің ашылуына, олардың топтық-ұжымдық және қоғамдық іске араласуы арқылы азаматтық көзқарасының дұрыс қалыптасуына қажетті жағдайлар жасай отырып, тәрбиеленушілерге кәсіби бағдар бойынша өзіндік таңдау мен еркіндік береді. Дарынды балалармен және әлеуметтік әр түрлі топтағы балалармен жан-жақты жұмыстарды ұйымдастыру шараларын жүзеге асырады. Сонымен қатар, 12 жылдық білім беру жүйесіне көшуге байланысты қосымша білім беру жүйесінің ауқымы кеңіп, жауапкершілігі арта түспек.

Алакөл ауданы Үшарал қалалық балалар шығармашылық орталығының қосымша білім беру жүйесі оқушылардың негізгі қызығушылық бағыттарын қамтиды, мектептегі базалық оқу жоспарының компоненттерін толықтырады және кеңейтеді, әр бала үшін жеке білім алу ортасын қалыптастыруға, салауатты өмір салтын ұстануға көмектеседі, оқушылардың шығармашылық және интеллектуалдық мүмкіндіктерін қанағаттандыруға, іске асыруға және дамытуға жағдай жасайды. Орталықтағы қосымша білім беру жұмыстары ата-аналар мен оқушылардың сұраныстарының мониторингісіне негізделеді.

Қосымша білім беру мекемесі әр баланың өзін-өзі тануына, өзін-өзі дамытуына қажетті жағдай жасай отырып, сұраныстарын қанағаттандыруға көмек көрсетуі тиіс.  Үйірмелер аясында қосымша білім беру сабақтарын ұйымдастырудың негізгі түрлері: практикалық жұмыстар, іскерлік және рольдік ойындар, топтық жұмыс, миға шабуыл, танымжорық, саяхаттар, кездесулер, байқаулар, т.б.