Мұғалім мен отбасының психологиялық танымы
Қоғамдағы барлық оқыту мен тәрбиелеу іс-әрекетімен шұғылданатын әлеуметтік институттардың ішінде отбасы мен мектеп тәрбиесінің маңызы зор.
Балалардың алғашқы өсіп-өнуі, қалыптасуы, әлеуметтік қарым-қатынасы, байланыстары, іс-қимылдар мен мінез-құлық нормаларын меңгеруі отбасынан басталады. Мектепке бала білім алып, жан-жағындағы құрдастарымен, қоршаған ортамен қарым- қатынасқа түсіп, сонымен бірге тәрбиеленіп шығады.
Отбасының аса құнды ықпалы мен әсерін өмірдегі еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайды. Ата-ананың тілегі-баласының жақсы адам болуы, еңбексүйгіштігі, оқу мен еңбектегі табыстары.
Қазақта « Баланың бас ұстазы- ата-ана» деген сөз бар. Ата-аналар бала мәселесіне күнделікті назар аударып, қадағалап отыруы керек. Өкінішке орай, кей ата-аналар, бұл мәселеден тысқары жүріп жатады. Кейде баласының қай сыныпта оқитынын, сынып жетекшісі кім екенін де білмейтін ата-аналар ішінара кездеседі. Мынау өзгермелі қоғамда « Көш жүре түзеледі» деген мақалдың ескіргенін ескергеніміз жөн. Өйткені көш бұрынғы кезде арбамен, түйемен, өгізбен жүріп отырса, қазіргі көш техникалардың өте жетілген түрімен өтеді. Сондықтан да оған маң-маң басып ілесу мүмкін болмай қалады. Тәрбие ешбір үзіліссіз, демалысты күтпейді.
Баланы жастан бақпасаң
Жамандықтан қақпасаң
Қадірден жұрдай қасқа боп
Кешкенің өмір босқа тек ,- дегендей ыстық-суығына күймейтін, жақсылығына сүйінбейтін ата-ана жоқ шығар. Балаға білім, тәрбие беруде басты тұлға ұстаз болса, оны жалғастырушы, демеуші ата-ана. Соңғы кездері ата-аналар арасында « Балаға білімді де, тәрбиені де мұғалімдер беру керек, ол сол үшін ақша алып отыр ғой деген «керіағар» пікірлер айтылып жүр. Мұғалімдерге, мектепке бәрін артып қоюға болмайды. Әр ата-ана өз ұлымен, қызымен мақтана білуі керек.
Бабаларымыздың « Балаңды 5-7 ж дейін патшаңдай сыйла, 10-15 ке дейін құлша жұмса, 15-17 ж дейін ақылыңа ақыл қосар дос, жолдасыңдай сыйла» деген ғибратты сөзінде ұрпағына табыстаған аманаты жатыр.
Ата-ана атаулының барлығына тән қасиет- баласын жақсы көру. Оның бір көрінісі- қиналмаса, тарықпаса екен деп шектен тыс жанашырлық танытуы. Осы арқылы олардың ата-анаға деген ықыласын, сыйластық сезімін оятқымыз келеді. Бірақ кейде мұндай орынсыз өбектеу, асты-үстіне түсіп, әкелік борышыңды, аналық міндетіңді «өтеуің» күткендей нәтиже бермей, керісінше болып жатады.
Адамның ең абзал борышы- өз ұрпағын жақсылыққа тәрбиелей білуі керек. Сонда ғана қателеспейміз. Адамның дұрыс қалыптасуы бірте-бірте болатын процесс. Демек ата-аналар өздерінің әр қадамдарымен, іс-әрекеттерімен бала тәрбиелейді. Ендеше ұл-қызыңыздың қалай ержетері өздеріңізге байланысты.
А. Меңдалыұлы атындағы орта мектеп
Баяндама
Мектеп психологы: Сағынғалиева Айкенже
Шетпе, 2018 оқу жылы