Жас балаларға арналған әндер

Әлди, әлди

Әлди, әлди, әй бөпем,

Ақ бесікке жат, бөпем.

Жылама, бөпем, жылама,

Жілік шағып берейін,

Байқұтанның құйрығын

Жіпке тағып берейін.

 

Әлди, әлди, бөпешім,

Қозы жүнді көпешім.

Жұрт сүймесе сүймесін,

Өзім сүйген бөпешім.

 

Әлди, әлди, әлди жар,

Аспаннан бұлт, жауды қар.

Әли мінген дүлдүлдің

Сауырыңда барды қал.

Аспаннан түскен көк қошқар,

Шығыршық мүйіз жануар.

 

Әлди, әлди, аппағым,

Қойдың жүні – қалпағым,

Жалпыға жаман болса да,

Өзіме жақсы аппағым.

 

Бесікке бөлеу

Мойнымдағы тұмарым,

Тарқамайтын құмарым.

Тағдыр берген алсын деп,

Ақ бесікке салсын деп. Мойнымдағы маржаным,

Қорадағы мал-жаным,

Бесігіңе жата ғой,

Тәтті ұйқыға бата ғой!

 

Тұсау кесу жыры

Қаз-қаз балам, қаз балам,

Қадам бассаң мәз болам.

Күрмеуіңді шешейін,

Тұсауыңды кесейін.

Қаз-қаз балам, қаз балам,

Тақымыңды жаз, балам.

Қадамыңа қарайық,

Басқаныңды санайық.

Қаз-қаз балам, жүре ғой,

Балтырыңды түре ғой.

Тай, құлын боп шаба ғой,

Озып, бәйге ала ғой.

Қаз баса ғой, қарағым,

Құтты болсың қадамың,

Өмірге аяқ баса бер,

Асулардан аса бер.

Жүгіре қойшы, құлыным,

Желбіресің тұлымың,

Елгезек бол, ерінбе,

Ілгері бас, шегінбе.

 

Өс-өс!

(балдырғанның қол-аяғын созу)

Өс-өс балам, өсе бер,

Батыр бол, балуан білекті,

Батыл бол таймас жүректі

Аяғыңды созайық,

Саусағыңды жазайық,

Етті болсың балтырың,

Епті боп өс, жарқыным.

Өс-өс!

 

Тәй-тәй

Тәй-тәй, балам, тәй, балғын,

Жүре қойшы жай, балғын,

Қарыс сүйем қаз бастың,

Қадамыңнан айналдым!

 

Баланы шақыру.

Кел, кел, келе ғой,

Насыбайыңнан бере ғой.

Мейірленсін атасы,

Саған тисін батасы.

Кел, кел, келе ғой,

Атасының баласы,

Аяқ басқанын қарашы,

Кел, кел, келе ғой.

 

Киім кигізгенде.

Жағасы жайлы болсын,

Етегі майлы болсын.

Киімің тоза берсін,

Өмірің оза берсін.

 

Ақ білек.

Ақ білек, ақ білек,

Балбыраған бал, білек.

Ауылың толы мал, білек,

Атқа тоқым сал, білек.

Атаңның тілін ал, білек.

Мал ішіне бар, білек.

Ақ білек, ақ білек,

Атаң кәрі шал, білек.

Отынға өзің бар, білек,

Отқа ағашты жар білек,

Ерте тұрып ерінбей

Еңбек істе қар күреп.

Ақ білек, ақ білек,

Атқа тоқым сал, білек,

Жасыңнан малды шаба біл.

Өнеге, өнер таба біл,

Аймағыңа жаға біл.

Балбыраған бал, білек.