«Ұлпан» романы – аналардың асыл бейнесі (Ғ.Мүсіреповтің 115 жылдығы)

«Ұлпан» романы – аналардың асыл бейнесі (Ғ.Мүсіреповтің 115 жылдығы)

 

Жоспар.

І Кіріспе.

Ғ.Мүсірепов – ана образын ерекше сомдаған талантты жазушы.

ІІ Негізгі бөлім:

  1. «Ұлпан» — тарихи ел шежіресінің мазмұнында құрылған роман.
  2. Ұлпанның өмір жолы – қазақ әйелдерінің тағдырының көрінісі.
  3. Көркіне ақылы сай Ұлпан.

ІІІ Қорытынды.

Жазушы жасаған Ұлпан – ел анасы.

 

Еліміздің ірі қоғам қайраткері, ХХ ғасыр қазақ әдебиетінің көрнекті өкілінің бірі – Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов. Жазушының шығармашылық жолы өте бай, туындылары әдебиет тектерін толық қамтыған. Қай туындысын алсақ та Ғ.Мүсіреповтің қаламгерлік ерекшелігін қыр-сырынан тани аламыз. Ол қазақ әдебиетінің барлық жанрын дамытуда аянбай еңбек еткен академик-классик жазушы. Ғабит Мүсірепов өзінің қоғамдық, публицистік, журналистік, сыншылдық қызметімен де туған халқының мәдениетінің дамуына зор еңбек сіңірді. Алайда қазақ халқы оны үлкен суреткер жазушы деп таниды, көркем сөздің хас шебері деп біледі, құрмет тұтады. 1902 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында дүниеге келген. Міне, биыл жазушының туғанына 115 жыл.

XX ғасырдың басындағы қазақ прозасында әйел теңсіздігі тақырыбы ерекше орын алғанын білеміз. Жалпы осы тақырыпта да қазақ әдебиетінің кемеңгері Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов ана бейнесін ашуда үлкен үлес қосты. Әйел-Ана тұлғасын сомдауда бүкіләлемдік аналар галереясын байыта түсті. Жазушының «Ана» тақырыбындағы шығармаларының жиынтығы ретінде 1974 жылы «Ұлпан» атты ірі эпикалық туындысы дүниеге келді.

«Ұлпан» — тарихи роман, онда бір ғана Керей-Уаққа қарасты Сибан елінің тыныс тіршілігін суреттеу арқылы сол замандағы, атап айтқанда ХІХ ғасырдағы жалпы қазақ елінің шежіресі мазмұндалады. Шығармада ғасыр бойындағы қазақи тіршілік, оның тұрмысы, салт-дәстүрі, өзіне тән  әдет-ғұрпы кеңінен қамтылған. Толығырақ айтар болсақ, бұл шығармада да Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясындағыдай сол заманғы қазақ халқының тыныс тіршілігін сипаттайтын жер дауы, жесір дауы, барымташылық, қыз айттыру, қалың мал беру,  жарлы мен жақсының күресі тәрізді құбылыстар терең сипатталып, суреттеледі.   «Ұлпан» — бүкіл аналардың жиынтық бейнесі, ана тақырыбына жазылған шығармаларының ішіндегі ең көлемдісі.

Романның басты кейіпкері Ұлпан өмірін суреттеу арқылы сол замандағы қазақ қоғамының тыныс-тіршілігін, қазақ әйелдерінің тағдырын көрсетеді. Жазушы Ұлпан бейнесіне қазақ әйелдеріне тән асыл да құнды қасиеттерді жинақтайды. Тоғыз жыл төсек тартып жатқан Есенейдің даңқын көтеріп, атақ-абыройын асырған Ұлпанның қадірін жазушы Мүсірептің әмеңгерлік пен Есенейден қалған байлықтың тағдырын шешуге келген би мен болыстарға айтқан сөзі арқылы білдіреді: «Бұл елде екі адам Сибан болса, Ұлпан сол екеуінің бірі,біреу болса, сол біреудің өзі Ұлпан!» дейді.

Көркіне ақылы сай Ұлпан – Есенейдің ерекше адам екенін тани білген сұңғыла қыз. «Есеней қатал еді, озбыр еді. Енді оның жан жүрегін жібіткен Ұлпан болды», деп суреттейді жазушы. Есеней Ұлпан үшін кемітетін ер емес, ердің ері, әттең, жасы ғана жасына сәйкес келмейді. Ұлпанның мықтылығы сонда, ол әзелде жаны қаламаса да Есенейге күйеуге тиюді мұрат қылды. Ол елдік мұрат. Кез келген шөпжелке қыздың қолынан келмейтін, тіршілікті дүниемен өлшейтін кейбір ойы шолақ, таяз әйел затының түсіне кірмейтін ұлы мұрат. Ұлпан жайнаған жастық дәуренін осы елдік мұрат жолына қиды. Есенейдің беделі мен билігін ол қараңғылық құрсаған елін алға жетелеу үшін пайдаланды.

Сонымен қорыта келгенде, бір уез елді билеп билік айтушы, дүйім елдің үлкен-кішісіне басшы, ақылгөй болу — Ұлпан сияқты дана әйелдерге ғана тән қасиет. Жазушы жасаған Ұлпан – аналардың анасы, ел билеген көсем, сөз бастаған шешен. «Ерді кебенек ішінде таны» дейтін халық даналығынан туған дарқан мінез, нағыз ерді ардақтау арқылы елдіктің іргесін бекіткен, халқының ризық-бере­кесін қарақан басының бақытынан артық санаған өте ақылды, дана, дегдар әйел болуымен баурайды. «Алтын бас­ты әйелден бақыр бас­ты еркек артық», «Байтал шауып бәйге алмас» деп қарайтын елде Ұлпан сияқты қайратты жанның болмысы бағалана бермейді. Алайда Ғ.Мүсірепов сынды жазушының қаламынан туған Ұлпан образы біз үшін үлгі,өнеге болып қала бермек.