Мұғалімдердің оқу мен оқытудағы табыстылығы

Қазіргі әлемде болып жатқан қарқынды өзгерістер әлемдік білім беру жүйесін қайта қарау қажет екендігін паш етті. Қарқынды өзгеріп жатқан әлемде білім саласындағы саясеткерлер үшін де, жалпы мектептер үшін де, соның ішінде мұғалімдер мен шәкірттер үшін де ең басты, маңызды мәселе болып отырғаны: « ХХІ ғасырда нені оқыту және нені оқу керек?» және де екіншісі – ол да маңызы жағынан біріншісінен еш кем емес: «Мұғалімдер оқушыларды ХХІ ғасырға қалай дайындайды?» ҚР педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстарының екінші деңгей бағдарламасының  мазмұны осы екінші мәселені шешуге бағытталған. Заманауи тәсілдің ең негізгі ерекшелігі оқушылардың алған білімдерін жай ғана иеленіп қоймай, оларды орынды жерде қолдана білуіне басты назар аудару болып табылады.

Екінші деңгей бағдарламасы екі басым бағытта әзірленген:

Біріншісі- мұғалімдердің оқыту мен оқудың табыстылығы туралы заманауи түсініктерге сай келетін бай білімді игеруі.

Екіншісі – мұғалімнің құзіреттілігін жетілдіру және өз әріптестерінің кәсіби дамукына ықпал етуі үшін оның коучинг және тәлімгерлік тәжірибесін қалыптастыру сияқты өзара байланысты үдерістерге көңіл бөлу.

Осы екінші деңгей бағдарламасынан күтілетін нәтижесінде еркін, өзіндік дәлел-уәждерін нанымды жеткізе білетін, ынталы, сенімді, сыни пікір-көзқарастары жүйелі дамыған, сандық технологияларда құзырлылық танытатын оқушы қалыптасады.

Және екінші деңгей бағдарламасын оқыған мұғалім өз әріптесіне ықпал етуге қажетті тәлімгерлік дағдыларын дамытуды мақсат етеді.

Екінші деңгей бағдарламасының басым бөлігі сындарлы оқыту теориясын қамтыған.

         Өзім еңбек етіп жатқан «Үлкен Владимировка орта мектебінде» Кембридж университеті бағдарламасы аясында деңгейлік курстардан бірнеше мұғалім толық курсын аяқтап сертификатпен оралдық. Биылғы оқу жылы мектеп директорының оқу-тәрбие ісі бойынша орынбасары Шолпан Егинбаевнаның осы курсты оқып келуі біздің еңбегіміздің ары қарай жалғасын тауып, жандана түсуіне үлкен септігін тигізді. Себебі мектеп басшылығы бұл бағдарламамен танысқанда ғана сенің еңбегің нәтиже береді.  Былтырғы оқу жылынан мұғалімдер ұжымын үш үлкен топқа бөліп алдық. Бастауыш сынып мұғалімдерінің әдістемелік бірлестігі ІІ негізгі деңгей курсын оқып келген Кусманова С.К. алса, гуманитарлық бірлесікті І ілгерінді деңгей курсын тамамдаған Тынынбаева К.Т., жаратылыстану-математикалық әдістеме бірлестігін ІІ негізгі деңгейді аяқтаған Сабитова С.К. алды. Біз оларды тек топқа ғана бөліп қоймай, әр топты бағдарлама мазмұнымен таныстырып, жеті модульді енгізу мақсатында коучингтер мен практикалық, семинар сабақтар, шебер-сыныптар өткізіп жатырмыз. Бұл тарапта бастауыш сынып мұғалімдері аттарына заттары сай кеп алдыңғы лектің бірі ретінде сабақтарында осы жеті модульді пайдаланып, түрлі әдіс-тәсілдерді қолданып, практикаға енгізуде алдарына жан салар емес. Әсіресе, Рахимова Т.Е., Шакарова С.А. Аханова С.А., Құдайбергенова Марал сынды ұстаздар өздерінің өзгеруге дайын екендерін көрсете білуде. Олар оқушыларды топқа бөлудің алуан түрлі әдістерін ойлап тауып, топтық жұмыстың маңызын, топ мүшелерінің рөлін атқара білуге дағдыландыруда. Бастауыш сынып оқушылары кішкентай бүлдіршіндер болса да, жаңалыққа жандары құмар, тез бейімделгіш екенін таныта білді.  Мысалы, Рахимова Т.Е. сыныбында оқушылар өздерін еркін сезінеді. Бұл — осы бағдарламаның негізгі идеясы. Мұғалімге қарағанда «Оқушы үні» басымырақ болуы тиіс. Және біз оны ол кісінің сабақтарынан көре алдық. 3 сынып оқитын шәкірттерінің сыни ойлайтын, кез келген ситуациядан шыға алатындықтарын көрсете білді. Сауле Асмарбековна біз оқудан келгелі осы тәсілді меңгеруді алдына мақсат етіп қойған болатын, бүгін де сабақтарында еркінше қолдана алады. Сания мұғалім тамаша ата-аналар жиналысының үлгісін жасап шығарды. Бұл біздің ұстаздардың жаны жаңалыққа құмар, өзгеруге бейім екенін байқатады. Ал биылғы оқу жылынан бастап, мектеп ұжымы арнайы дайындалған қыркүйек-сәуір айларына жоспарланған бағдарлама негізінде аптасына 7 сағаттан үшінші деңгей бағдарламасын оқуды бастап та кетті. Әр апта ішінде олар коучингте қатысып, тәлім беруші мұғаліммен әрқайсысы жеке кездесіп, жұпта талқылап, шебер сынып сағаттарын көрсетіп, интербелсенді әдіс-тәсілдерді жүйелі меңгерумен айналысуда. Олар орта мерзімді, қысқа мерзімді жоспар жасау үлгісін де пайдаланып, сабақтарында қолдана бастады.

Интербелсенді әдіс-тәсілдердің ішіндегі ең тиімдісін әр практикалық сабақта екі-үшеуін қатар меңгеруге баса көңіл бөлеміз. Бұл тек мен жүргізген коучингтермен шектелмейді, бастауыш сынып ұстаздары келесі күні бірден сабақтарында пайдаланып жатады. Кей кезде мұғалімдер қауымынан бастауышқа келмейді, математикада топтық жұмысты қолдану тіпті тиімсіз деген сөздерді құлағымыз шалып қалып жатады. Алайда, әр стратегияны, органайзерді «қалауын тапса, қар жанар» дегендей тиімді пайдалана білсе, ұстаз бен шәкірттің алмайтын асуы болмайды. Бұның бәрі Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың озық ойлы,  келешекті болжап білер кемеңгер, елінің қамын жер ер, ұрпағының болашағы жолында талай сындарлы саясатты дүниеге әкелген данышпан екенінің бір дәлелі десе болғандай. «Қазақстанның болашағы-білімді жастар қолында» дейді Елбасы, олай болса, сол білімді жастарды тәрбиелейтін ұстаздарға шынайы шығармашылық жолында шабыттана еңбек етуге, ХХІ ғасырға лайық көшбасшы, құзырлы, креативті әрі фасилитатор ұстаз бола білуге шақырамын. Тәуелсіздік жолында тәу ете еңбек етейік, Еліміз бен Елбасының сенімін ақтайық, Шәкіртеріміз бәйгеден озып келе берсін, «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» болашағымыздың нұрлануына шапағатын тигізе берсін!!!

 

Кусманов Серикбол Казкенович

Үлкен Владимировка орта мектебі.