Мен, елімнің патриотымын

Сабақтың тақырыбы: Мен,  елімнің патриотымын!

Мақсаты: Балаларды Отанға деген мақтаныш, патриоттық сезімін дамыту. «Патриот » деген сөздің терең мәнін түсіндіріп өту.

Отанды сүю – от басынан басталады.

Отансыз адам, Ормансыз бұлбұл.

Кісі елінде сұлтан болғанша, Өз еліңде ұлтан бол.

Мақалдардың мағынасын талқылап, түсіндіру, балалардың пікірлерін тыңдау.

Көрнекіліктер: суреттер, қарындаштар, ақ қағаз, түрлі — түсті қарындаш.

Жаңа сабақпен таныстыру.

-Отан – әр адамның жүрегіне жылы тиер қасиетті сөз.Отан –сенің туған елің, туған жерің, дос –жарандарың, туған туысқаның. Отан-бұл өзіңнің тұратын, өмір сүретін, қызмет ететін жерің. Отан адам үшін біреу ғана. Отанды анаға теңейді. Себебі, Отан сендерді анаңдай қорғайды, көмектеседі, күш береді.Біз Отанымызды, елімізді сүйеміз. Біз, Қазақстанның патриотымыз!

Отан дейміз от жаққан жерімізді,

Отан дейміз өсірген елімізді.

Отан дейміз туған жер, атамекен –

Биік тау, орман, тоғай көлімізді.

Отан дейміз кең-байтақ астананы,

Жасыл жайлау, жаңа жол, жас қаланы.

Отанның шеті де жоқ, шегі де жоқ,

Ол бірақ өз үйіңнен басталады.

Біздің Отанымыз – Қазақстан Республикасы. Сан ғасырлар бойы ата-бабаларымыз жерін жаудан қорғап, бүгінгі ұрпақ, бізге жеткізді. Қазақстан жер көлемі бойынша 9 орында тұр.Қазақстанда үлкен қалалар көп. Олар: Алматы, Астана, Қарағанды, Шымкент, Көкшетау, Қостанай, Ақтау, Павлодар, Ақтөбе, Тараз, Қызылорда, Өскемен, Семей, Талдықорған. Бұлар – әдемі қалалар.

Астана- Отанымыздың бас қаласы, астанасы.Ол Есіл өзенінің жағасында орналасқан. Астана қаласын қазір бүкіл ел біледі.

Ақнұр: Туған жер әні

Қазақстан-тәуелсіз, егеменді, көп ұлтты мемлекет. Онда қазақтар, орыстар, ұйғырлар, өзбектер, корейлер, украйндер және тағы басқа ұлттардың өкілдері тұрады. Олар тату-тәтті, бірлікте өмір сүріп жатыр.

Сондай-ақ мемлекетіміздің өз Ата заңы бар. 1993 жылы 28 қаңтарда ҚР тұңғыш Конституциясы қабылданды. 1995 жылы 30 тамызда еліміздің жаңа конститутциясы қабылданды.Адамның өмірін, денсаулығын, тыныштығын мемлекетіміздің Ата заңы қорғайды.

1992 жылы ҚР мемлекеттік рәміздері қабылданды. Олар: ту, елтаңба, гимн.

Қазақстан Республикасының мемлекттік Туы.

Ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Алтын күн, қыран және ою-өрнек біздің халқымыздың ашық келешегі мен берекесі,тыныштық пен байлықтың белгісі. Қазақстан Республикасының мемлекеттік Елтаңбасында көгілдір түс аясында шаңырақ бейнеленген.Шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап, уықтар шаншылған. Бес жұлдыз,қанатты тұлпар бейнеленген. Бидай сабақтары тоқшылық, молшылықты білдіреді.

Кез-келген мемлекеттік рәміздердің ең маңыздысы- Гимн. Гимн мемлекеттік ән. Ол халықты әйгілі етеді. Оның сөздерінде халықтың мыңдаған жылғы тарихы, бүгінгі өмірі мен келешек арманы айтылған.

Сұрақ — жауап.

— Балалар «патриот» деген сөзді қалай түсінесіңдер?

— «Патриот» қандай болу керек деп ойлайсыздар?

— Тақтамен жұмыс: «Патриот» болудың өсиетті сөздері бар екен, қане оқиық: /слайд арқылы көрсету/

Бұл сабақта әрбір азаматтың қандай құқығы мен міндеті бар екендігін түсінеміз.

Азаматтың құқығы ғана емес, азаматтық парызы да бар.

Әрбір азаматтың төлемақысыз білім алуға, дәрігерге қаралуға, бір — бірімен қарым — қатынас жасауға т. с. с. құқықтары бар екен.

Нағыз азамат болу үшін адамгершілік, жауапкершілік, әдептілік керек.

Еліңнің нағыз азаматы болу үшін Қазақстанның заңдарын біліп, сақтау керекпіз. Біздің елде әр азамат он төрт жастан бастап істеген ісіне жауапты болады. Ата заңын ардақтай алмаған азамат, елінің де қадіріне жете алмайды.Сіздер кішкентай балапандар – еліміздің болашағысыздар. «Сенде бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та бар қалан…» деп Абай атамыз жырлағандай елін сүйген азамат болуға сіздер міндеттісіздер.

Белгілі ақын атамыз Ж. Молдағалиев:

Өткеніңді еске алсаң,

Өскеніңнің белгісі.

Өткеніңді ұмытсаң,

Өшкеніңнің белгісі,

— деген екен. Сондықтан, халқымыздың бүгінгі уақытқа дейінгі жеткен жетістіктері өздеріңе аманат. Сондай-ақ, еліміздің егемендігін танытатын ресми ерекшелік белгілері: Ана тіліміз, Елтаңбамыз, Туымыз, Ата заңымыз,Әнұранымызды бойындағы бойтұмарындай сақтап қана қоймай, қашанда еліміздің, жеріміздің еркіндігін сақтар мықты ұрпақ, мықты азамат болатындарыңа сенімім мол. Жолдарың ашық, жарқын болсын, еліміздің патриоттары

Қорытындылау: сұрақ — жауап, сурет талдау.

Мадақтау: Сабаққа өте жақсы қатысқан балаларды мадақтау, сабақты қорытындылау

 

 

.