«Қыз өссе елдің көркі» атты қыз сыны сайысы

«Қыз өссе елдің көркі» атты қыз сыны сайысы
Мақсаты: Қыз балалырдың жан дүниесіндегі көркемдік талғамын қалыптастыру, қазақ халқының қыз тәрбиелеу салт-дәстүріне байланысты әдептілікке, инабаттылыққа, ізеттілікке тәрбиелеу.
Көрнекілігі: «Қыз елдің көркі» (ұлттық киімді қыздардың суреттері), «Өнер таусылмас азық» (қолөнер түрлерінің фотосуреттері), мақал-мәтелдер, қанатты сөздер

Барысы:1-жүргізуші: Қайырлы күн, құрметті ұстаздар, оқушылар, ата-аналар!

2-жүргізуші: Бүгінгі «Қыз өссе елдің көркі» атты қыз сыны сайысына қош келдіңіздер!

1-жүргізуші: Мен қазақ қыздарына қайран қалам,

Жанары жаны жаздай жайраңдаған

«Қыз өссе елдің көркі » деген сөзді,

Қапысыз қалай айтқан қайран бабам.

2-жүргізуші: Пір тұтқан махаббатты, адалдықты,

Көркімен таң қалдырған талай жұртты.

Қыздардың қылығыменөмір қызық,

Қыздардың ғұмырымен заман құтты.

1-жүргізуші: Өнер-білім тапқырлықтың тарланы,

Еңбектегі әріптестер мақтаны.

Өнеріңді ортаға сал, сайысқа

Өнер көрсет, құрбылармен жарыс та.

2-жүргізуші: Мың бұралған арулар билей басып,

Келеді міне ортаға толқып тасып,

Аруларын сыйлаған халқым менің,

Көңілді қошеметпен қарсы алайық!

(Арулар сахна төріне шақырылады)

2-жүргізуші:Шалқытып мерекеде ән салайық,

Өнерпаз өрендерге тамсанайық.

Әділдік пен шындықты арқа тұтып,

Әділқазы алқасымен танысайық

1-жүргізуші: Сайысымыздың шарты бойынша қыздар өз нөмірлерін алып, өз өнерлерін көрсетеді.

Сайысымыз 5 турдан тұрады.

  1. Өзін-өзі таныстыру.

2.Сұрақ-жауап

  1. Өнер
  2. Ас мәзірін даярлау
  3. Шығармашылық қолөнер сайысы
  4. Сұлулық сыры (Кешкі ұлттық сән үлгісі)

2-жүргізуші: Кел,достар, бастайық,

Бастайық той кешін.

Қызықтан еш адам,

Қалмасын құр қалып.

1-жүргізуші: Бірінші сайыс өзін-өзі таныстыру.

Көңілге түй сен мұны,

Әр бүлдіршін-ел гүлі.

Бақытты елде туғаның

Есіміңнен белгілі

2-жүргізуші: Екінші сайыс- қыз сұлу көрінеді білімімен.

Кең даланың ежелгі,

Қазақ дейтін халқымыз.

Өзге ұлттай бізде де,

Бар дәстүр мен салтымыз.

1-жүргізуші: Әдет-ғұрып, салт-дәстүрі қазақтың,

Жарасымды үйлесімді ғажап шын.

Ұмыт болған дәстүрлерді сақтайық,

Насихаттап, жаңартудан қашпайық.

(Сұрақтарға жауап)

2-жүргізуші: Үшінші сайыс-өнерліге өріс кең.

Өнерсізден қашып жүр,

Өнермен үлгі шашып жүр.

Өнерді көп білетін дана болар,

Өнерсіздің ісі шала болар.

Қане, қыздардың өнерін тамашалайық.

1-жүргізуші: Ата-бабамыздың ежелден келе жатқан салт- дәстүрлерінің бірі- қонақжайлылық. Қандай жағдайда да «құдайы қонақпын» деп келген адамды кеудесінен итермей, жылы шыраймен қарсы алып, қолдағы барымен дегендей, шамасы келгенше сый-құрмет көрсетіп аттандыру әркімнің парызы сияқты болатын. Ендеше, төртінші сайысымыз – ас мәзірін дайындау.

2-жүргізуші: Сымбатына сай киім жарасатын,

Аспандағы айменен таласатын.

Өнеріне сәні сай келіп тұрған,

Аруларға қызығып қарасын деп, -келесі сайысымыз шығармашылық қолөнер сайысы.

 

1-жүргізуші: Әділқазы алқасы аруларымыздың ұпайларын есептегенше

өнерпаздардың өнерін тамашалайық.

2-жүргізуші: Енді сөзді төрешілерімізге берейік. (Ұпайларын қорытқанда, қыздардың ұлттық киімін, сайыс бойы өзін қалай ұстағанын, сөйлеу мәдениетін, жүріп-тұрғанын бәрін де есептеген жөн)

Қорытынды. Әділқазылар сөз алып, әр номинация бойынша (Көктем аруы, көрермен көзаймы, білімді ару, дарынды ару, тапқыр ару) жүлде тағайындайды.

1-жүргізуші: Өнеріміз сайыста,

Жетелейді алысқа.

Бүгінгі күннің жеңісі,

Достық болып қалуда.

2-жүргізуші: Баршаңызды Наурыз мерекесімен құттықтаймыз.Наурыз құт-береке, бірлік әкелсін.