Менің педагогикалық ұстанымымның мәні, құндылықтары мен басымдықтары

Ұстаз  болу – жүректің  батырлығы,

Ұстаз  болу – сезімнің  ақылдығы.

Ұстаз болу – мінездің  күн  шуағы

Ұстаз  болу – адамның  асылдығы ,- деп  Ғафу  Қайырбеков  ақын  ағамыз  жырлағандай,  ұстаз  ақылды, мейірімді,  батыл,  білімді,  жан-жақты  болуы  керек. Әрине, ұстаз  жүгі – ауыр  жүк. Сол  себепті  де  ұстазға  өз уақытын  аямай ,  өзгенің  бақытын  аялайтын  жан, — деп Ж. Ж. Руссо  баға  берген болатын. Ұстаздардың  әсерлі  үнмен  асықпай, мәнерлеп  сөйлеген  сөзінен әрбір  оқушыға  деген  қамқолықтың,  аналықтың, әкелік  сезімнің, дана ойдың  ыстық  лебі  есіп тұрғандай  болуы  керек.

Ұстаз  болу  бала  кезімнен – ақ  арманым  еді.  Сол  кезден – ақ, ұстаз  мектептің  айнасы, бәйтерегі  екенін түсіндім. Мұғалім  мамандығын  таңдап,  еңбек еткеніме,міне,биыл 32 жыл болды. Қиыны мен жеңілі,  қызығы  мен  қуанышы  мол  болған  еңбек  жолындағы  өмірлік  ұстанымым — әрқашан  шығармашылық ізденісте, ой  қозғалысында болу керектігі жадыма тоқылған. Орыс  тілі  мен  әдебиеті  пәні  мұғалімінің  қазіргі  қоғамда жүгі ауыр. Бұл  міндетті  жемісті орындау үшін,оқушының  пәнге деген қызығушылығын  арттыру  үшін  оқытудың  жаңа әдіс – тәсілдерін меңгеріп, өз тәжірибемде  тиімді  пайдалана білуге тырысамын. Орыс  тілі мен әдебиеті сабақтарында ақпараттық  техника, қажетті  көрнекі  құралдар арқылы  оқушылардың  танымдық, көркем  шығармашылық  қабілеттерін арттыру  тақырыбында жұмыс  жасап жүрдім.

Қазіргі  уақытта  елімізде  әлемдік  білім  кеңістігіне  бағыт  алған  жаңа  білім  беру  жүйесі  қалыптасқан  кезеңде  мемлекет  мәртебесін  көтеруде  қазіргі  заманның  заманауи білім  беру  жүйесі — негізгі  фактор  болып  табылады.  Биылғы  жылдың  тамыз  айында  педагогикалық  шеберлік  орталығында  ұйымдастырылған  бірлескен  оқу  бағдарламасының І (негізгі)  деңгей  курсына  барып,  өз  білімімді  жетілдіру  кезінен  бастап, өзімді,  қатып  қалған  ұстаным — қағидамды  өзгертіп, білімге  жаңаша  қырынан  қарай  бастадым. Бұл  өзгеріс  маған  жаңаша  ізденіске,  шығармашылыққа  жол  ашты.  Шығармашылық — өте  күрделі  процесс. Сондықтан  да  шығармашылық  тақырыбымды  «Диалогтік  оқыту  арқылы  оқушылардың  қызығушылығын  арттыру» деп  өзгертіп,  биылғы  оқу  жылында  осы  тақырыппен  жұмыс  жасаудамын.

Біртіндеп , Бірлескен  оқу  бағдарламасынан  оқып,  үйренген  оқытудағы  жаңа  әдіс – тәсілдерді  пайдалана отырып, сабағымды жандандыра бастадым. Оқушыларымның көзіндегі қуанышты көргенде, меннен бақытты жан болмады. Осыдан түйгенім: оқытудағы  жаңа  әдіс – тәсілдерді  сабақтастыра жүргізген сабақ өз  шыңына  жетеді  екен. Ал, оқушы сол білім шыңына шығу үшін жоспарланатын тапсырмалар мен қолданылатын әдістер әрбір мұғалімнің шеберлігімен, өмір мен тұрмыстың күрделілігіне, қиыншылықтарға қарамастан өз жұмысын сүйетініне байланысты.

Оқытудағы  жаңа  әдіс – тәсілдерді  пайдаланып,  жаңаша сабақ түрлерін өткізе бастағанымда өзім де, оқушыларым да қызығушылықтың жаңа бір белесіне шыққандай болды. Біріншіден, проблемалық сұрақтар қою, оның жауабын жеке өзі, соңынан жұппен, топта талқылау арқылы шешімін тапса, бұл оқушы тілін дамытудың, қабілетін әрі шығармашылығын дамытудың басты бір жолы болып табылады.Екіншіден, мұғалім көрнекілік жасап жатпайды. Оқушы өзі де көрнекіліктерді   дайындап, сол тақырып бойынша қорғайды, түсіндіреді.  Қазіргі заман оқушысының танымдылық, шығарамашылық қабілетін дамытудың тура жолының бірі – оқытудың  жаңа  әдіс – тәсілдері  деп білемін. Әрине, бұл жұмыста кемшіліктер де жоқ емес. Бұл кемшіліктерді жою, оқушылардың білім сапасын арттыруға бағытталған жұмыс түрлерін ұйымдастыра білу мұғалімнің кәсіби шеберлігіне байланысты. Педагогикалық шеберлік – ұстаздық талантпен тығыз байланысты. Педагогикалық шеберлік – тек қана мұғалімнің жалпы, жан – жақты және әдістемелік сауаттылығы ғана емес, ол – әр сөзді оқушылырға жеткізе білу, олардың толық қабыл алуы. Ұстаздық шеберлік  мұғалімнің өмірге көзқарасы, оның идеялық нанымды, моральды бойына сіңірген адам екендігі,  пәнді жетік білген, ойын толық жеткізетін және оқушылардың бойында әдеп, әдет, дағды сияқты моральдық нормаларды сіңіре білгендігі, оқыту мен тәрбиелеудің әдіс –тәсілдерін меңгерген, білгенін қызықты да, тартымды өткізе алатын, педагогикалық әдеп пен талантын ұштастырған адам ғана шеберлікке ие болады.

Ұстаз  — өз пәнін ғана емес, дүние сырын, қоғамдағы өзгерістерді, адам мінездерін, өнердің қуат әсерін білетін жан болуы қажет. Оқушыларын тек біліммен қаруландырып қана қоймай, назарын, білгендерін жадында сақтауға, қабілетін, ойлауын, тіл шеберлігін ұштауға, дүниеге деген құштарлығын, өмірге деген көзқарасын дұрыс қалыптастырып, ықыласын, сенімін, төзімділігін, іскерлігін, ізденімпаздығын тағы басқадай танымдық қасиеттерін жетілдіріп, адамгершілігі мол азамат етіп тәрбиелеуді өзінің өмірлік мақсаты, ізгілік мұраты деп санайтын адам.