Мәңгілік еліміздің мәңгілік тілі

Мәңгілік еліміздің мәңгілік тілі

 

 «Ана тілі- бәріміздің анамыз,

өйткені ол – ұлтымыздың анасы»

         Н.Ә.Назарбаев

 

Ана тілім — аруақ қойған ар тілім,

Тілімменен өркен жаяр қарқыным.

Тілім барда атағы да өшпейді

Қазақ деген қасиетті халқымның, — деп С.Ыбырайқызы жырлағандай, Тіл — тіршіліктің бастауы. Тіл- қастерлі де қасиетті ұғым. Ол әрбір адамға анасындай қымбат, өйткені өмірдің  алмастай қырын, абзал сырын түсіне білуге басты себепкер — ана тілі.

Қазақ тілі қазақ халқының ана тілі. Қазақ  тілін құрметтеу, оны білу- біздің әрқайсымыздың асыл парызымыз. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып саналады. Әлемдегі тілдердің ішіндегі ең бай, келбетті тілдердің бірі.

Тіл қай елде, ұлтта болсын қастерлі, қасиетті, құдыретті.

Тіл әрбір азаматқа ана сүтімен беріліп қалыптасады. Ана сүтімен бойға енген қасиеттер туған тілдің арқасында дамиды. Туған тілге деген құрмет пен сүйіспеншілік бала кезден басталуы керек. Айналада адамдарға, өзіңнің өскен ортаңа, Отанға деген ерекше сезім мен көзқарас та туған тіліңді білуден басталады. Тіл – халықтың рухани, мәдени байлығының дамуының құралы.

«Ана тіліне салғырт қарау — өз халқының өткеніне, бүгініне, болашағына немқұрайлы қарау» деген пікірді Бауыржан Момышұлы өткен ғасырда-ақ айтып кеткен. Мемлекеттік тілдің қолдану аясын барған сайын кеңейтіп, оны шын мәнінде қоғамдық қарым-қатынас тілі ету бүгінгі күннің талабы екені баршамызға мәлім.

Ел мен Тіл – егіз ұғым. «Мәңгілік» сөзі бабалардан мирас болып келе жатқан мәңгілік өлмейтін асыл қазынамыздың бірі – Ана тілімен де тығыз байланысты. Олай болса, Мәңгілік елдің онымен қатар жасап, бірге дамитын Мәңгілік тілі болуы шарт. Ол жұмыр жерден ойып тұрып орын алған, ұлан ғайыр даласы бар, Астанадай қаласы бар, Нұрсұлтандай данасы бар қазақ елінің мемлекеттік тілі — Қазақ тілі.  Елбасы өз жолдауында мемлекеттік тіл саласында жеткен жетістіктерімізге тоқтала келіп, «…енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар!  Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болады. Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн», —  деп ой түйді.

Бұл күндері Қазақстан – көп ұлтты, тату-тәтті, біртұтас мемлекет ретінде жұмыр жердің бетінде тамырын тереңге жайған алып «Өмір ағашына» айналғалы қашан!  Ол ағаштың бұтағына ұя салған 150-ге тарта ұлт пен ұлыстың өз тілінде сайрап, өз ұлттың мәдениеті мен әдебиетін, өз әдет-ғұрпын сақтап,  өзара ұлтаралық  келісім мен жарасымын тапқан, ынтымағы жарасқан ел болуы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасы болса, бейбіт те тыныш «қой үстіне бозторғай ұя салған»  бақытты тіршілік құруы – сабырлы да салмақты,  кең пейіл қазақ халқының  өмірлік ұстанымының арқасы.

Қазіргі қазақстандықтар үшін үш тілді білу – өмір талабы. Өзі өмір сүріп отырған елдің мемлекеттік тілін білу – парыз. Сондықтан Елбасының  «Қазақ тілі — Мәңгілік Елдің Мәңгілік тілі болады» деген сөзінің шындыққа айналарына сенемін.

 

 

 

 

 

 

Жалтыр жалпы орта білім беретін мектебінің

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

МАбеуова Гульден Кусмановна