Ұлттық ойын дене тәрбиесі құралы

Ұлттық  ойын дене тәрбиесі құралы.

 

   Қазақтың ұлттық дене шынықтыру мәдениеті жеке тұлғаның жалпы мәдениетінің құрамдас бір бөлігі ретінде мектептегі кезеңнен қалыптаса бастайды. Сондықтан оны пайдалану тек қозғалмалы біліктілік, дағдыларды дамытып қана қоймайды, сонымен қатар мектеп оқушыларының қазақтың ұлттық спорт түрлеріне деген көзқарасын қалыптастырып, дене жаттығулары мен ойындарын өз бетінше дамытуға тәрбиелеп, оқу – ойын материалдарын бір жүйе ретінде олардың руханилығын, адамгершілігін, дене шынықтыруға тәрбиелеуге баулуды қарастырады.

Қазіргі таңда оқушылардың көпшілігіне ұлттық спортпен, ұлттық ойындармен, дене жаттығуларымен жүйелі түрде айналысуға деген мұқтаждықтың, осы саладағы өз бетінше жүргізілетін сабақтардың ғылыми негізделген әдістемесінің жоқтығы, сонымен қатар көптеген жалпыға міндетті білім мекемелерінде, мектептерде  (әсіресе, ауыл мектептерінде) оқудың материалдық базасының нашарлығы қазақтың ұлттық ойындары арқылы оқушылардың дене дайындығының қалыптастыру мәселесінің өзектілігін көрсетеді.  Мектеп оқушыларының дене тәрбиесін жетілдіру мәселелері көптеген жетекші ғалымдар зерттеулерінің негізгі нысанына айналды. Мектеп  оқушыларының дене тәрбиесін дайындаудың тиімділігі бойынша көптеген нұсқаулар жасалынды. Алайда, бұл зерттеулердің бәрі негізінен, дене тәрбиесі сабақтарының  тиімділігін арттыруға, сабақтағы дене сапасын дамытуға ғана арналған, сондай – ақ өз бетінше жүргізілетін жұмыстың ғылыми — әдістемелік негіздері жеткілікті дәрежеде жасалмаған.

Дене шынықтыру – денсаулық көзі, денсаулықты сақтау үшін әрекет, адамның күш мүмкіншілігін дамыту, жеңсек деген жігерін шыңдау, қиыншылыққа төзу қимыл — әрекетін шоғырландыра білу, соларға үйрену:

— дене еңбегімен  үнемі шұғылданып, жаттықан адамның бұлшық ет талшықтары тез өседі,бойының күш – қуаты қалыптасады;

— сыртқы ортаның түрлі қолайсыз жағдайларына төзімдірек келеді;

— қозғалысы жинақы, ширақ, тез, әдемі жарасқан, қарым – қатынастық ережеге бейімделуі жоғары;

— сезіну, ойлану және еңбектену қабілеттері бір – бірімен үйлесімді және бірін – бірі толтырады. Аз қозғалыссыз ортада нерв талшықтары тез қозады, қан айналым жүйкесі біртіндеп аураға шалдығады, жүрек қабынады, бойды әуре – сараң құрастырады. Жүрегі шынықпаған адам тез шаршайды, тырысқақ немесе ашушаң келеді. Жалқаулық жеке тұлғаның да, ұлттың да қасіреті. Онда сапасыздық басым. Жүрегі шыныққан адамның мінезі де төзімді, кеңпейіл, батыл соғады, қарсыласынан қайтпайтын тынымсыз, күрескер келеді. Жүрегі ашық жан қиыншылықтан құтылудың, қуанышқа жетудің саналы жолын таңдайды, өзін қарапайымдылық пен қайырымдылықтан ауытқыта бермейді. Өзін емдеудің, сергітудің тиімді тәсілдерін қолданады. Халқымызға қозғалмалы ойындардың түрі кең таралған. Мамандар қозғалмалы ойындарды төрт топқа бөледі:

  1. Табиғи заттарды қолданып ойнайтын ойындар: асық, бектас, лек, лек жалау, сиқырлы таяқ, бақай пісті, жылмаң т.б.;
  2. Жануарлар бейнесін елестетіп ойнайтын ойындар: соқыр теке, түйе – түйе, ақ байпақ, көк сиыр т.б.;
  3. Мүліктік бұйымдарды қолданып ойнайтын ойындар: шалма, бөрік жасырмақ, түйілген шыт, тақия телпек, белбеу тастау, орамал тастау т.б.;
  4. Құрал – жабдықсыз ойнайтын ойындар: айгөлек, ақсерек – көксерек, шымбике, мәлкетотай, тоқтышақ, шертпек, жасырынбақ, бұғынай, т.б.

Халықтың әдет – ғұрпын, салт – дәстүрін, әдет – дағдыларын жас ұрпақтың бойына сіңіруді, ойын арқылы дарытып, қөңіліне қондыра білу өмір қажеттігінен  туындап отыр. Өйткені баланы нәресте шағынан бастап адалдыққа, батылдыққа, елін, жерін, тілін сүйе білуге, отаншылдыққа, адамгершілікке, мейірімділікке, еңбек етуге тәрбиелеудің құралы – ойын. Оның тәрбие, білім берудегі сиқырлы сырын терең меңгеру үшін ежелден бері өркен жайып, үздіксіз дамып келе жатқан ұлттық ойындарды оқытудың процесінде пайдаланудың тиімді жолдарын анықтау – бүгінгі күннің өзекті мәселесі.

Ұлттық  ойындарды оқыту процесіне сәйкес таңдап алу, оларды дұрыс өткізу мен ұйымдастыру – оның табысты болуының шешуші шарты. Ойынды оқу әрекеттеріне енгізу, біріншіден, сабақта қолайлы жағдайдың болуы, екіншіден, мұғалімнің шеберлігін, үшіншіден, оқушылардың психологиялық көңіл – күйінің болуын талап етеді.

Ұлттық ойындардың тиімділігі олардың сабақтың әр кезеңіндегі орны мен мақсат – міндетін дәл анықтауға, оны қолданудың теориясы мен практикасын мұғалімнің жетік игеруіне, шеберлік танытуына, ойынға қажетті материалдардың жиынтығын алдын – ала дайындап алуы, ойын процесінде оқушылардың денсаулығын нығайтуға көңіл бөлуі тиіс. Осы тұрғыдан мынадай ұсыныстар айтуға болады.

  • қазақ ұлттық ойындары бойынша дене жаттығулары ендірілген сабақтарды ұйымдастыру,
  • ұлттық ойындар арқылы оқушылардың дене дайындығын қалыптастыру үшін олардың теориялық негіздерін жетік меңгеру;
  • әрбір ұлттық ойынның атқаратын қызметі мен педагогикалық мүмкіндіктеріне сай сабақта қолданылу орнын анықтау керек.

 

 

                                                     Есік гуманитарлық – экономикалық

                                     колледжінің дене тәрбиесі

                                                     пәнінің  оқытушысы Толешова Ф.Р.