Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» атты Мұқағали оқуларының СЦЕНАРИЙІ

 

«Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» атты

Мұқағали оқуларының

СЦЕНАРИЙІ

Мақсаты:

Қазақ поэзиясының мұзбалағы атанған ақынның өмірі, шығармашылы-ғы туралы мәліметтермен таныстыру. Ақын өлеңдері, әндері арқылы оқушылардың Отанға, халқына, тілге деген сүйіспеншілік сезімдерін ояту, отаншылдыққа тәрбиелеу.

Қайырлы күн, құрметті өлең сүйер, өнер сүйер оқушылар мен ұстаздар! Бүгінгі мектебіміздің оқушылары арасында өткелі отырған  «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» атты Мұқағали оқуларына қош келдіңіздер!

Бүгін менің туған күнім,

Ой пәлі – ай!

Мына адамдар неге жатыр тойламай?

Банкет жасап берер едім өзім-ақ,

Тәңірімнің жарытпай-ақ қойғаны-ай! – деп мұңданған ақынның өмірден өткеннен кейінгі туған күндері халық болып тойланатын болды. Бүгін де сіз бен біз боп ұлы ақынымыздың туған күніне жиналып отырмыз. Бірақ арамызда ақынның өзі емес, ақынның албырт жырлары мен  жансыз суреттері.

Қарасаз, қара шалғын өлеңде өстім,
Жыр жазсам, жұртым оған елеңдестің.
Өлсе өлер, Мұқағали Мақатаев,
Өлтіре алмас, алайда өлеңді ешкім! – деп ақынның өзі жырлағандай, оның өлеңі өмірден өзі кетсе де өшпей, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Олай болса, біз бүгін өздеріңізбен бірге қазақтың қара өлеңінің құдіретін ұғынған, «поэзия» атты тұңғиық теңізде еркін жүзген,  жырларын қазақ жастары жанына жақын балаған, мәңгілік жырдың марғасқасы Мұқағали әлеміне сапар шегеміз!

Мұқағали оқулары үш кезеңнен тұрады.

І кезең «Ғасырда бір туатын дарабоз » деп аталады. Мұнда ақын өлеңдерін мәнерлеп оқу.

ІІ кезең «Жырлайды жүрек» Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған әндерді орындау.

ІІІ кезең «Әлі талай жыр болып жазыларсың…» Бұл кезеңде оқушылар Мұқағали ақынға арнаған өз өлеңдерін оқиды.

Мен сенің үніңменен үндесемін,
Мен сенің тіліңменен тілдесемін.
Сауық құрып бойында бір көшенің
Болашағым, сен тұрсың, мен де өсемін, – деп болашағына сеніммен қараған еді ақиық ақын. Ендеше, байқаудың бірінші бөлімін «Ғасырда бір туатын дарабоз» айдарын бастайық. Бұл бөлімде Мұқағали жырларын оқушылар жатқа мәнерлеп оқып береді. Ортаға үшінші сынып оқушыларын шақырамыз.

Ақынның аз ғана ғұмырында артына қалдырған жалынды жырлары, оқырманын тәнті еткен «Аққулар ұйықтағанда», «Райымбек» сияқты дастандары бар. Ақын өлеңдеріне ән де жазылған, қазіргі күнде Мұқағалидың сөзіне жазылған  әндер тыңдарман жүрегіне жол таба білген.Ендеше әндерге кезек берейік. Келесі кезең «Жырлайды жүрек». Қатысушыларды ортаға шақырамыз.

«Айтылар естеліктер мен туралы,
Біреулер жан еді дер өр тұлғалы.
Біреулер тұлпар еді деуі мүмкін,
Бүтінделмей кеткен бір ер тұрманы»

Иә ,ақын туралы естеліктер де айтылып, өлеңдер де жазылуда.  Ендеше оқушыларымыздың Мұқағали жайлы толғанған, жүрек жарды өлеңдеріне кезек берейік. Келесі кезең «Әлі талай жыр болып жазыларсың…». Оқушыларды ортаға шақырамыз.

Келесі сөз кезегін әділқазылар алқасына береміз.

Жылдар өтер… әлі небір ақындар дүниеге келер. Бірақ қара өлең құдіретін  аспанға көтерген Мұқағали есімі қашанда биіктен көрінер. Мұқағали поэзиясы әрбір мезгілмен бірге, әр ұрпақпен бірге.

«Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев, Өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім» деп өзі айтып кеткендей мәңгілік жасай бермек! Ия, өлең өлмейді. Ендеше өлеңді жазған ақын да өлмейді. Мұқағали – мәңгілік ғұмыр!
Осымен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевқа арналған поэзия кешіміз аяқталды. Жыр әлемінде кездескенше аман сау болыңыздар