Өзін-өзі тану – жаһандану кезеңінде ұрпақ тәрбиелеудің бағдаршамы

Өзін-өзі тану – жаһандану кезеңінде ұрпақ тәрбиелеудің бағдаршамы

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы, «Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» мен басқа да нормативтік құжаттар еліміздің  әлеуметтік-экономикалық жетістігінің негізі ретінде танылатын білім беруді  реформалаудың стратегиялық бағыттары деп рухани мәдениеті дамыған, әлемге этикалық түрде өзіндік көзқарасын танытатын, инновациялық шығармашылық ойлау қабілеті жоғары жаңа ұрпақты қалыптастыру идеясын санайды. Сондықтан жеке тұлғаның ұлттық және жалпыға ортақ құндылықтары мен ғылыми тәжірибенің жетістіктеріне негізделген білім беру үшін қажетті жағдайларды жасау басты міндет болып табылады.

Қай дәуірді алсаңыз да, жеке тұлғаны дамытуда, яғни өсіп келе жатқан шәкірттің өзін-өзі жетілдіру, өзін-өзі анықтау және өзін-өзі дамыту рөліне ерекше мән беріп, өзін-өзі тануына жол сілтеп, бағыттайтын – ұстаз. Сондықтан мен де осынау қиындығы мол жауапты мамандығымды мақтан тұтамын. «Ұстаз ұстаз емес шәкірті үшін күймесе, шәкірт шәкірт емес ұстазын шын сүймесе» дегендей, өзім де бала әлеміне еніп,  оларды тәрбиелеу үшін бар жүрек жылуым мен ынта-ықыласымды арнаймын. Соның дәлелі ретінде 5-сыныпта оқитын шәкіртім Максим Манарбектің

Жарқынай апай, қандайсыз,

Жарқыраған айдайсыз.

Ашық, жарқын жүрекпен,

Балаларды баурайсыз,- деп шығарған өлең жолдарын атап өткім келеді.

Өзінің қызметін жастарға рухани тәлімгер болу, өмірді үйрету, қоғамға бейімдеу деп білген мұғалім  әр іс-әрекетін шебер орындай білсе, нәтижесі де сондай жемісті болмақ.

Өзін-өзі тану – мұғалім өзін шыңдау арқылы  бағытталған және осы ғылымды қажет ететін жеке тұлғаны жетілдіруге басты көңіл бөледі. Өзіндік еңбегімен, жетістігімен ерекшеленетін мұғалімнің шеберлігі өздігінен дамымайды, керісінше өзгелердің дамуына өз үлесін қосып, іс жүзінде нәтижесін көріп, тәжірбие жинау арқылы толыға түседі.

Елбасы өзінің халыққа арнаған Жолдауында «Ойлау негіздері, ақыл-ой мен шығармашылық қабілеттер, жаңа дағдылар сонау бала кезден қалыптасады» деп көрсеткендей, тұлғаның жеке немесе жан-жақты өзін-өзі тану, өзін-өзі тәрбиелеу, өзін-өзі бағалау және басқа да «өзін-өзі» танудың табиғаты мен мағынасын түсіну, оларды жүзеге асыру әдістерін меңгеру болашақ ұстаздың ең маңызды міндеті болып табылады.

Тәуелсіз еліміздегі өзекті мәселелердің бірі – халықтың дәстүрлі рухани құндылықтарына негізделген және жаһандану дәуірінің қиындықтарын ескере отырып, білім берудің оңтайлы ұлттық жүйесін құру. Мысал келтірсек, әлемдегі халқы аз елдердің өмір сүру сәттілігінің кілті – ұлттың адами құндылықтарының дамуы. Осыған байланысты ұлттық білім беру жүйесін дамытудың маңызды оқиғасы оқу үрдісіне «Өзін-өзі тану» міндетті пәнін енгізу болды. Ол үнемі өзгеретін әлемдегі жас қазақстандықтардың құндылық бағытын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

Өзін-өзі тану қазіргі заманғы білім беру жүйесінде және оқушы мен студенттердің жеке және әлеуметтік дамуына ықпал ете отырып,олардың коммуникативтік құзыреттілігінің дамуын жоғарлатады. Бұл пәннің негізі-  адамның өзіне және бүкіл әлемге сай өмір сүруіне мүмкіндік беретін негізгі моральдық және рухани құндылықтар мен жеке қасиеттерден қалыптастыра отырып,өзіндік көзқарасын ұлғайтады. Басқа пәндік салалардың маңыздылығымен қоса, олардың жеке қасиеттерін жетілдіру арқылы өздігінен білім беру жүйесі шәкірттерді адамгершілік пен мейірімділік рухында тәрбиелеуге көмектеседі.

«Өзін-өзі тану» пәнінің мақсаты – жаһандану дәуірінде қоршаған ортаны қорғап, оны сақтауға және  басқа өмір салтына ие адамдарды түсініп құрметтеуге, өзгенің пікірін ескере отырып, бақытты өмір сүруге үйрету, яғни адам баласының ұлттық құндылықтарын арттыру.

Ұзақ мерзімге жасалған зерттеу жұмысы тұлғаның рухани-адамгершілік тәрбиесінде «Өзін-өзі тану» пәнінің әлеуетін дәлелдеп берді. Атап айтқанда, мектепке дейінгі жаста жалпы құндылықтар туралы алғашқы көзқарасты қалыптастырып, өзін-өзі тану негіздерімен таныстыра отырып, отбасындағы және қоршаған ортаға лайықты мінез-құлық нормалары арқылы жүзеге асырылса, бастауыш сыныптарда өзіндік ой-пікірлерін еркін жеткізу, адами құндылықтарды жан-жақты зерттеп, дүниетаным көзқарастарын дамыту арқылы танылды; жоғары сыныптарда өзін-өзі тану, адами құндылықтардың көп қырлы жақтары мен адамгершілік қасиеттерін және сындарлы қарым-қатынас дағдыларын үйрету арқылы жеткізілсе, студенттердің жасында өмірдің және кәсіби қызметтің маңыздылығын түсіну, өмірлік сұрақтар мен адамның өзіндік қасиеттерін көрсету арқылы жетіле түсті.

Оқытудың барлық кезеңінде  бағдарланған «Өзін-өзі тану» пәні – жаһандану дәуіріндегі жаңа ұрпақтың қоғамға өзіндік үлесін қосуға, еліміздің барлық жағынан дамуына ат салысуға тәрбиелеп, бағыттайтын бірден-бір өмір баспалдағы.

 

 

 

Мақала авторы: №25 жалпы орта білім беретін мектебінің өзін-өзі тану пәні мұғалімі Сатыбалдиева Жарқынай Мұратқызы