Киіз басу өнері. Құрғақ әдіспен жүн илеу

Тақырыбы: Киіз басу өнері.  Құрғақ әдіспен жүн илеу.

Мақсаты: Құрғақ әдіспен жүн илеуді таныстыру және көрсету.

Міндеттері:

  1. Жүн өңдеудің әдіс — тәсілдерімен таныстыра отырып біліктіліктерін қалыптастыру.
  2. Ұлттық өнерге деген танымдық қызығушылығын, шығармашылығын, қиялын дамыту.
  3. Салт дәстүрді құрметтеуге, шыдамдылықққа, үнемділікке тәрбиелеу.

Көрнекілігі: Дайын бұйымдар, арнайы ине, губка немесе поролон, жүннің түрлері.

Әдіс – тәсілі: түсіндіру, көрсету, қорыту.

 

Шебер – сыныбының барысы

Халқымыздың күні бүгінге дейін үзілмей келе жатқан дәстүрлі қолөнер түрі – киіз басу. Киіз басу өнері сонау есте жоқ ерте замандардан келе жатқан өнер болса керек. Ертеде бабаларымыз киізді үйдің сыртына ұстау үшін ғана емес, оның ішін жабдықтау үшін де пайдаланған.

Дегенмен, киіз басу деген оңай орындала салатын іс емес. Машақаты көп. Күш пен шыдамдылықты талап ететін жұмыс. Әуелі киіз басуға кіріспес үшін үлкен дайындық жүргізіледі. Негізінен күзем жүн уақыты келгенде қойды суға тоғытып алып, жүні тазарған соң қырқады. Қырқылған жүн іріктеліп, сабауға жіберіледі. Ол үшін арнайы түзу талдан сабау дайындап аласыз. Жүнді сабау тек ұру дегенді білдірмейді. Оның да әдісі бар. Сабаумен жүнді қопсыта ұрғанда, шаң-тозаңнан айырып, ұйысқан жері жазылып, желкілдеп шыға келеді. Міне, сол кезде ол жүн киіз басуға дайын болмақ. Енді киіз басу үшін ұзындығы 5-6 құлаш ши қажет. Қазақтың жерінде ши өспейтін өлке кемде-кем. Ши тоқу өнері де біздің халқымызға ежелден таныс. Шиді жүнмен орап, оны өрнектеп тоқып, керегенің сыртына тұтуға, үй ішіндегі аяқ-табақ, киіз үйдің есігіне ұстауға, құрт жайып кептіруге, киіз басу жұмыстарына, киізді ылғалдан сақтау үшін жерге төсеуге, тары сүзу үшін шыпта жасауға пайдаланған. Міне, осындай шиге сабалған жүнді себелеп төсейді. Оны жүнді шиге салу деп атайды. Шабақталған шиге салынған жүннің біркелкі екенін байқау үшін алақанмен басып көреді. Жұқа жеріне жүн қосады, қалың жері болса жұқартады. Содан барып алдын ала қазанда қайнап тұрған ыстық суды жүннің үстіне себелейді. Су себелеп жатқан кезде білегінің күші көп, қайратты екі әйел жүн салынған шиді домалатып орап отырады.

Жүн тегіс салынған ши түгел оралған соң, оны сыртынан үш жерден жіппен шандып байлап, шидің екі басына сынып қалмасын деп дорба кигізген. Содан кейін шидің үстіне ақ тамызып, киіз басуға қатысып тұрған адамдардың барлығына ақтан ауыз тигізген. Бұл да ата-баба дәстүріне сыйынуды білдіретін ғұрып. Буулы шидің ортасынан екі арқанды өткізіп тоқтаусыз бір бие сауым уақыт тербетіп тарту керек. Сөйтіп шидің ішіндегі жүн киізге айналғанша домалатасыз. Бұдан соң домаланған киізді әйелдер үш рет білектеп, одан кейін үш рет алақандаған. Сосын киізді ұзынынан екі бүктеп, екі шетін қосып, шуда жіппен көктейді де, бір сағат қарпиды. Қарпуға жас жігіттер қатысқан. Дайын болған киізден әр түрлі бұйымдар жасауға болады. Одан кейінгісі оны бояу. Мұны кей өңірде «малма» деп те атайды. Абай атамыздың «біреу малма сапсиды, салып иін» дейтіні осы.

Бұлайша дайындағанда ақ киізде де, қара киізде де бояуы қанығырақ болады.

Көркем киіз

Киіз бізге ертеден белгілі таңқаларлық материал. Киізді жануарлардың (негізінен қой, ешкі, түйе) жүнінен әртүрлі әдіспен — талшықтарын шатастыру арқылы арнайы ине арқылы тығыздау (фильцевания), бумен немесе сумен өңдейді.

Киіз басу өнерімен мың жылдап адамдар жылы киім,  аяқ – киім, текеметтер және үймен қамтамасыз етіліп келеді. Адамдардың терісі сияқты жұқа жүн денеге жұмсақ және әсерлі сезінеді, өйткені ол ақуыз заттардан тұрады. Ең бірінші археологиялық қазбалар Иранның жазықтығында б.з.б. VIII мың жыл бұрын қазылған. Көшпенді халықтардың арасында негізінен киізден жасалған заттар таралған.

Ал атақты киізден жасалған аяқ – киім Ресейге XIX ғ. келген. Алдымен оларды ауқатты адамдар киген, аяқ – киімді сақтап ұрпаққа қалдырып отырған.  XIX ғ. киізден жасалған аяқ – киім крестяндардың негізгі қыстық аяқ – киімі болған. Қазір екінші мыңжылдықта ақыл – ой қызығушылығының дәуірінде адамдар қол еңбегінен, қолөнерден алшақтап бара жатыр. Қолөнер – күнделікті күйбің тіршіліктің көзі.

Жүнді илеудің негізгі екі техникасы бар сулы әдіспен илеу және құрғақ әдіспен илеу. Жасалатын бұйымның түріне қарай таңдалады. Кейбір бұйымдарда техниканың екі түрі де қолданылады.

Құрғақ әдіспен илеу

Арнайы инемен жасалатын құрғақ илеу (ағылшын felt – киіз, needle – ине) әдісі фельтин немесе фильцевания (немісше filz – киіз, nadel – ине) деп аталады. Бұл техникамен көлемді бұйымдар – ойыншықтар, әшекей бұйымдар, әртүрлі көлемді бөлшектер және де киімдерді әшекейлеу, рельефті құру үшін қолданылады. Жүнді керекті бұйымда тығыз шиыршықтап орап арнайы инемен астына гупка қойып илейді. Инені шиыршықталған жүнге кіргізгенде иненің арнайы тіліктері талшақтарды шатастырып, жәйменен керекті көлемге тығыздайды.

Иненің әртүрлі өлшемдері болады.

  • Жуан ұзын ине – негізгі көлемді илеу үшін қолданылады.
  • Орташа ұзын ине – алдын – ала өңдеуге және бетін тегістеу үшін қолданылады.
  • Жіңішке қысқа ине – соңғы тегістеу жұмысында қолданылады.

Жұлдызды тілікті иненң түрі де болады. Ол инені бұйымдардың үстіңгі жағын өңдеуге, картиналарды өңдеуге және суреттердің бөлшектерін әшекейлеу кезінде қолданылады. Құрғақ илеуге арналған бірнеше инелі апликатор да кездеседі. Ол бөлшекті өңдеу кезінде уақытты үнемдейді. Құрғақ илеу жұмысына биіктігі 3 см –ден жоғары губка немесе щетка қолданылады. Оларды пайдаланғанда ширатылып оралған жүндерді керекті көлемге дейін илейді.

«Нуно — киіз» — технологиясы

«Нуно» — жапон тілінен аударғанда «мата» дегенді білдіреді. Ал «нуно-киіз» — мата мен киіздің үйлесімділікпен бірігуі.  Мата бетіне жүн жұқалап жайылып, жақсылап басылады. Бұған шифон, органз, жібек түрі — креп-жоржет маталарын таңдаған жөн. Өйткені бұлардың үстіне жүн басқанда, жақсы бірігеді. Бұл әдіспен көбіне киім, шарф сияқты заттарды жасайды.