РУХАНИЯТТЫҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ

РУХАНИЯТТЫҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ

         Тәуелсіз еліміздің тұрақты даму жолына түскеніне ширек ғасырдан асты. Осы мерзім барысында әлем қауымдастығында тәуелсіз, әлеуметтік-экономикалық жағдайы қалыпты, толеранттылық пен ұлтаралық ынтымақтың ұйытқысы бола білген Қазақстан мемлекеті қалыптасты. Бұл, әрине, Қазақ елінің жетістігі, елі сүйген Елбасының жетістігі.

Жан-жақты талданған, сараланған жаңа стратегиялық бағдарламалар — ел дамуының кепілі. Мұның жарқын үлгісі — «Қазақстан-2050», «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» т.б. жолдаулары. Бірнеше жыл бұрын Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» атты философиялық сипаттағы жалпыұлттық идеясы қоғам тарапынан ерекше назар аударып еді. Міне, енді ұлттық келбетті ұлықау және сақтау мақсатында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағарламалық мақаласы жарық көрді. Көне түркі дәуіріндегі бабалардың аманатын, ізгі мұратын жеткізген ұлы идеялардың бүгінгі таңда да құндылығы артып, маңызы еселене түсуде. Тарихи жадтың жаңаруы ұлтымыздың ұйытқысына айналар тың дүниелерді халық санасында қайта жаңғыртуда.

Біздің ел тарихтың талай соқпағынан, «тар жол, тайғақ кешуінен» өтіп, бүгінгі бақытты кезеңге жетті. Бұл уақытқа дейін халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, елдің экономикалық ахуалы маңызды мәселе ретінде қаралса, қазіргі таңда күллі халықтың ортақ рухани «атмосферада» болуы өзекті болып отыр. Жаһандық процестер — мұның айғағы.

Алаштың айбыны Б. Момышұлы: «Мемлекетті нығайту дегеніміз-жеке адамды күшейту»,-дейді. Демек, Мәңгілік Ел болудың алғышарты — мемлекетте өмір сүріп жатқан әрбір адамның рухани жетілген, кемелденген, білімді адам болып қалыптасуы. Ал, кемел адам қалыптастырудың негізі қайда? Кемелденген адам деген жоғарғы категория туралы ойдың төркіні ғасырлар бойы өз жалғасын тауып, хакім, дана бабаларымыздың шығармашылықтарымен бізге жетті.

Орта ғасырларда Отырар қаласында өмір сүрген біздің ұлы бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби терең білімнің иесі болған адам. «Шығыс Аристотелі» осы арқылы болашақты болжай біліп, адамдық қасиеттердің қоғамдық өзгерістерге байланысты жоғалмауы үшін мол рухани-әдеби, философиялық мұра қалдырды. Әл-Фараби өзінің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» трактатында тұңғыш рет «парасатты адам» туралы айтып, адам бойындағы мүшелер мен қасиеттердің байланыстары жайлы күрделі философиялық қорытынды анализ жасайды. Адам үшін шешуші мәнге адамның жүрегі мен ақылының ие екендігін жазады.

Бұл рухани ілімнің сабақтастығы  XI ғасырда өмір сүрген ойшыл Ж. Баласағұнның «Құтадғу білік» еңбегінде айқын көрініс табады. Қараханид дәуірінде өмір сүрген ғұламаның шығармашылығы өз дәуірінде түркі халықтары үшін рухани тұтастықтың мызғымас дәнекері болған-ды. Өзара диалогке құрылған еңбектегі Күнтуды (әділет), Айтолды (бақыт), Өгдүлміш (ақыл), Одғұрмыш (қанағат) образдары біріншіден, кемел мемлекеттің құрылымын сипаттаса, екіншіден, кемел тұлға болудың парадигмасын сипаттайды. Поэма жайында зерттеушілер А.Н. Романов пен     С. Н. Иванов: «Ж.Баласағұнның «Құтты білік» поэмасы — ең алғаш, ең көне, әзірше жалғыз, мұсылман идеологиясының негізінде, осы идеологияны уағыздаушы түркі тілінде жазылған шығарма»,- деп баға береді.

XIX ғасырда қазақ жерінде өзіне дейінгі адамгершілік ілімдерінен нәр алған, әл-Фараби,       Ж. Баласағұн идеяларының заңды жалғасы «толық адам» ілімі пайда болды. Бұл ілімнің негізін Шығыс пен Батыс және өз елінің руханиятынан нәр алған хакім Абай қалады. Абайдың бұл ілімді дүниеге әкелуіне себеп болған не? Біріншіден, 1822 жылғы «Сібір қазақтары туралы» Жарғының жобасын жасаған орыстың мемлекет қайраткері М.Сперанский патшаға қазақ халқының көзін «сексеуіл» әдісімен жою керектігін ұсынады. Осы реформаның нәтижесінде жаңаша жүйеленген әкімшілік-басқару формасы қазақтардың өз арасындағы алауыздықтардың тууына, парақорлық пен арызқойлықтың өршуіне алып келді. Екіншіден, қазақ жеріне капиталистік, нарықтың жүйенің ене бастауы қазақ халқының рухани тұтастығына теріс әсер етті. Осы бір тарихи оқиғаларды өз көзімен көрген Абай жайбарақат отыра алмады, халқының ынтымағынан айырылып, берекесі кеткеніне  жаны күйді. Сондықтан күллі шығармашылығының бағытын мәңгілік сарқылмайтын мұра қалыптастыруға бұрды. Нәтижесінде, халқымыздың менталитетіне сай идеология, «толық адам» атты бүкіладамзаттық ілім дүниеге келді. Бұл туралы алғаш рет сөз қозғаған ұлы жазушы Мұхтар Әуезов болатын. Бірақ ұлы жазушы мұны айта алмады. Себебі, ілімнің дінге қатысы болды. Кейіннен, тәуелсіздік алғаннан кейін, М. Әуезовке сүйене отырып, ілімнің құрылымын, мағынасын ашып көрсететін еңбектерді («Абай және Шығыс», «Абайтану тарихы», «Абай жүрген ізбенен…» т.б.) бүгінгі абайтанудың абызы, ф.ғ.д., абайтанушы М. Мырзахметов жазды. Ілімнің темірқазығы- «үш сүю» философиялық ұғымы. Мұны тану үшін Абай шығармашылығын терең зерттеу, зерделеу қажет.

Дана бабаларымыздың ілімдері қазіргі заман биігінен қарасақ, үлкен мәнге ие. Көреген көшбасшымыз халық назарын рухани тұтастыққа аудару үшін «Мәңгілік Ел» идеясын ұсынды. Рухани жаңғыруға үндеді. Бүгінде  капиталистік қатынастар дамып, батыстық дүниетаным санамызға әсер ете бастағанын жасыра алмаймыз. Сондықтан да, «пайда ойлама, ар ойла» тезисінің негізінде жаңаша көзқарас қалыптастыратын түркілік үлгідегі мұсылман идеологиясына негізделген «толық адам» ілімін насихаттау, бойға сіңіру өте маңызды. Н. Әбішұлының өзі: «Абай армандары- бір ғана ұлт ұстанатын мұраттар емес, күллі адамзат ұстанатын мұраттар. Қазақ топырағында оның орайын келтіруге мүмкіндік енді туып отыр. Біз де бүгін ұлтішілік татуластыққа да, ұлтаралық татуластыққа да, әлемдегі барлық ел, барлық халықтармен ынтымаққа да, мәдениеттер арасындағы сабақтастыққа да Абайша қарап, Абайша қастерлеуге ерекше мән береміз»-деген болатын. («Айғақ». №32, 5 тамыз, 2015 жыл) Алаштың ардақтысы ұлы Мұхаң да: «Абайды білмек парыз ойлы жасқа» деп бекер айтпаса керек…

Ұлы Абай шығармашылығы- халқымыздың Мәңгілік Елге айналуына жол ашады.