Үйірме жұмыстарындағы ән өнеріне баулу ерекшеліктері

Үйірме жұмыстарындағы ән өнеріне баулу ерекшеліктері

 

Г.Сейтказинова

Ән айту өнері үйірмесінің жетекшісі

 

Ежелден-ақ музыка өнері адамның тұлғалық қасиеттерін қалыптастырудың маңызды құралы болып табылады. Ән салу өнері – қазақ ауыз әдебиетінің бір бөлімі, сан ғасырлық мәдениетіміздің философиялық терең мазмұнды көркем шығармалар шежіресі. Ән айту – қазақтың ұлттық мәдениеті, рухани байлығы, ұлттық әншілік өнері. Бүгінгі күні ән салу шеберлігінің дамуын қарастыру барысында ән орындаушылық өнердің келбеті мен ән орындаушылық әлемнің жаңа қырлары танылуда.

Вокал – француз тілінен шыққан, дауысты үн, шырқалар ән, тамылжыған сөз дегенді білдіреді. Музыка аспабының сүйемелдеуімен орындалатын немесе жеке әншіге арналып жазылған шығармаларды «вокалдық музыка» дейді.

Жас ұрпақты ән салу өнеріне тәрбиелеу — өте маңызды, әрі жауапты іс. Үйірме жұмыстарының алғашқы сабақтарынан бастап ән салу өнерінің негізі — әншінің тұру қалпы, даусын игеруі, тыныс алуы, ауыз куысы аппаратының жұмысы, дыбыс шығару шеберлігі туралы нақты түсінік беріледі. Білім алушылардың ән салу өнерінде жетістікке жетуіне жан-жақты кешенді жағдай жасай отырып, біртіндеп жеңілден – қиынға көшу арқылы дифференциялай дамыта оқыту қажет.

Біздің орталықта «Ән айту өнері» үйірмесі жұмыс істейді. Егер үйірме оқушыларының жасы /психологиялық, жас ерекшегіні, дауысының даму деңгейі/ әр түрлі болса, онда мүмкіндігінше топ оқушыларымен жеке-жеке дайындық жүргізіледі. Үйірмеде оқушылар қазақ халқының музыкасы мен ән өнері, оның даму үдерістерімен танысып, халық әндері мен қазіргі заман сазгерлерінің шығармаларын үйреніп, оған талдау жасау, орындаушылық шеберлікті дамытумен қатар эстрадалық ән айту өнері бойынша қажетті білім жүйесін меңгереді.

Ән салу өнерін танып білу орындаушы даусының даму шеберліктерін қарастырып, ән орындаушылық қызметтің жаңа қырларын айқындауға мүмкіндік береді. Жасөспірімдер өнер жолында меңгерген білігін, практикалық тәжірибесін ән байқауларына, конкурс, фестивальдарға қатысу арқылы өз мүмкіндіктірінің деңгейін байқай алады. Вокалмен айналысуда білім алушы  музыкалық қабілеті ашылып, өзін шығармашылық тұрғыда дамыту мүмкіндігіне ие болады.

Жеке ән салу бойынша білім беруде баланың ән салу мәдениеті, дауысты дайындау шеберлігі, оны дұрыс қою, ән айту кезіндегі тыныс алу дағдысы, вокалдық ән айтудағымузыкалық бейімі, сүйемелдеусіз ән айту, көп дауыста ән айту, эстрадамен ән айту сияқты вокалдық дағдыларды, әуенді есте сақтау, қабылдау, мақам мен артикуляция, ән айту кезіндегі ырғақты, көркем шығарманы эмоциямен мәнерлеп орындау дағдылары қалыптасады.

Дауысты баптауға байланысты:

  • Дауысты баптау жұмыстары, дауысқа және дыбысты қалыптастыруға арналған жаттығулар;
  • Дауыс аппаратының /тіс, тіл, мұрын жолдары, т.б./ қызметімен танысу;
  • Дауысты ыңғайлы зонасынан жайлап дамыта отырып кеңейтуді қалыптастыру;
  • Сүйемелдеумен және сүйемелдеусіз ән айту;
  • Көп дауыста ән айтуда өзін және қасындағы дауысты тыңдай білуі;
  • ән салу барысында шығармадағы динамикалық ырғақты сақтау;
  • нотаны таза айту;
  • дыбыстардың анық шығуын қамтамасыз ететін жұмыстар жүргізіледі.

Дауысты күйге келтірудің әдістері: қандай регистрлік режимде болмасын көмейден шығатын үн дұрыс дыбыс қалыптастыруға жету керек, қарқынды ән айтуда денеге артық күш түсірмеу, вокалды түрде дыыбыстау, үнді мәнерлей, таза, дөңгелектей, бір қалыпты әуендік толқынмен шығару қажет.

Музыка тыңдау:

  • вокал материалын игеру;
  • халық әндерін, халық композиторлары шығармаларын тыңдау;
  • алған музыкалық біліміне сүйену;
  • музыкалық материалдың мінезін айыра білу, салыстыруды үйрену;
  • қазіргі заманғы эстрадалық шығармалардың ерекшеліктерін сараптай білу және игеру.

Музыкалық шығармалар мен аспаптық музыканы тыңдатудың мақсаты әнді тыңдаушының эмоциялық, эстетикалық талғамы, қабылдау мен есте сақтау қабілеттерін жетілдіру болып табылады.

Ән салу техникасының негізі — әншінің дұрыс тыныс алу дағдысы. Тыныс алу музыкалық фразаның және әуеннің мінезімен үйлесуі керек.

Ән салу адам жанының сұлулығына, ой мен ақыл қабілетін арттыруда, баланың физиологиялық дамуына септігін тигізеді. Сырға толы ән адамды қуаныш пен шаттыққа бөлеп, болашаққа жетелейді, жабыққанды жұбатып, шаршағанда демеу болады. Адам әсем әуенді жылы сезіммен, бар ынтасымен, жүрегімен қабылдайды. Тек шын ықыласпен айтылған ән ғана тыңдаушысын толғантып, қуанышқа бөлей алады.