
Татарстан Республикасының Қазан қаласында Ислам ілімдері және араб тілі бойынша өткен IX халықаралық олимпиадада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Сарыағаш медресе колледжінің» түлегі Рахметуллин Темірлан жоғары нәтиже көрсетіп, араб тілі бағыты бойынша жүлделі II орынды иеленді!
Бүгінде Темірлан Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің Исламтану кафедрасында қысқартылған оқу бағдарламасы бойынша 3-курста білім алуда.
Аталған халықаралық білім додасына 22 елдің өкілдері қатысып, өзара бақ сынасты. Осындай беделді халықаралық додада топ жарып, жүлдегер атану – үлкен білімнің, табанды еңбектің және үздіксіз ізденістің жемісі.
Бұл жетістік – тек Темірланның ғана емес, оны білім нәрімен сусындатқан ұстаздарының, ата-анасының және өзі түлеп ұшқан Сарыағаш медресе колледжінің де ортақ қуанышы!
Біз шәкіртіміздің осындай биік белесті бағындырып, халықаралық деңгейде білімін дәлелдегенін зор мақтанышпен жеткіземіз.
Кеше ғана медресе қабырғасында білім алған шәкіртіміздің бүгін халықаралық білім додасында жүлдегер атануы – кейінгі жас шәкірттерге үлкен өнеге, білім жолындағы ізденушілерге ерекше жігер!
Алла Тағала Темірлан бауырымыздың іліміне береке беріп, білімін пайдалы, еңбегін жемісті етсін! Алдағы уақытта да ислам ілімдері мен араб тілінің білікті маманы болып қалыптасып, дінімізге, елімізге және халқымызға адал қызмет етуді нәсіп етсін!


